Сәл ғана

күтіңіз

NASA-дан қалай тәжірибе алуға болады?

Дінмұхамед Майлыбай – NASA United Space School атты жазғы мектептен тәжірибеден өтіп, ғарыштық технологияларды зерттеуге бет бұрған жас ғалым. Астрономияға деген бала күнгі қызығушылығын өсе келе өмірлік бағытқа айналдырған Дінмұхамедті әңгімеге тарттық.

– Астрономия несімен ерекше? Қызығушылық қалай пайда болды?

– Бала күнімнен ғылымға деген қызығушылығым жоғары болатын. Ішінде ерекше жақсы көретінім астрономия еді. 7-сыныпта №165 лицей командасымен бірге «Бөбек» Ұлттық ғылыми-танымдық Сауықтыру және Білім беру орталығындағы астрономиялық тәжірибелерге қатысып, осы саланы зерттеуге кірістім. Біз теориялық білім алып, оны орталық обсерваториясында іс жүзінде жүзеге асыратынбыз. Бұл арқылы менің астрономияға деген сүйіспеншілігім артып, арнайы мектептердің қатысушысы болдым, Республикалық және Халқаралық турнирлерден топ жардым.

– Білуімізше NASA USS жазғы мектебінің қатысушысы атану үшін екі кезеңнен тұратын сынақтан өту керек. Тәжірибеден өту мүмкіндігі қалай туды?

– United Space School-ға іріктеу екі бөліктен тұрады. Әуелі бір беттен тұратын мотивациялық хат жолдау керек. Бұл сынақтан өкен үміткерлер мектептің әкімшілігімен видео арқылы сұхбаттасуға шықырылады. Осы кезде NASA астронавына көкейдегі сұрақтарды қойуға мүмкіндік аласың. Сұхбат еркін форматта, жеңіл өтті. Бұл маған қорқынышымды жеңуге көмектесті. Екі аптадан кейін NASA-да тәжірибе өтуге шақырту келген болатын. Оқу жұмыстарына аз уақыт қалғанда бес бағыт бойынша дайындайтын мектептер өздерінің арнайы тапсырмаларын жіберіп, білімімізді тексерді. Ал менторлары қай салаға жақын екенімізді анықтауға көмектесті. Менің бағдарлама бойынша білім алуыма «Қазақ географиялық қоғамының» қосқан үлесі зор.

NASA United Space School қандай тәсілмен білім берді? Сіздің қызығушылығыңызды арттыра алды ма?

– United Space School бағдарламасы Foundation for International Space Education (FISE) ұйымының қолдауымен жүзеге асқан болатын. Екі аптаға негізделген практикалық сабақтар Хьюстон университттерінің бірінде және NASA-ның Джонсон ғарыштық орталығында өтті. Жазғы мектептің қатысушыларының басты мақсаты – Марстың пилоттық миссиясын дамыту болатын. Яғни, адамды Қызыл ғаламшарға апару және болашықта зерттеу жұмыстарын жүргізу. 14 күннің ішінде NASA-ның инженерлері және ғалымдарымен бірлесе отырып, өзіміздің жобамызды ұсындық.

– Қазақстанның атынан бару қаншалықты қиын болды? Жауапкершілік жүгін сезіндіңіз бе?

– Менің жасаған әрбір ісім, сөйлеген сөзім елімді танытатынын ұғындым. Әсіресе, мәдени таныстырылым кезінде бәрі біздің қандай халық екенімізді білгенін, танығанын қаладым. Ол үшін мен барлық қатысушыға алдын ала дайындап қойған ұлттық нақыштағы кәдесыйларымды үлестіріп, қазақша ән айттым. Хост-отбасымнан тары сатып алуларын өтініп, жент қуырып бердім. Бұл балаларды таңқалдырды. Мен ұлтымның ұлы болғандықтан, Қазақстанды әр елден жиналған жастардың арасында таныстыру қиын болған жоқ.

– NASA-да білім алудың ерекшелігі неде деп ойлайсыз?

– NASA – аэронавтика және ғарышты зерттеуге бағытталған өте үлкен ұлттық ұйым. Қазіргі күннің өзінде бюджеті – 20-миллиардты құрайды. Әртүрлі бағыттағы зерттеулер жасап, ғарышты игеруге кірісіп кеткен ірі зерттеу орталығы болған соң, ол жерде білім алу арқылы көптеген тәжірибе жинақтайсың. Бұл екінің біріне бұйыра бермейтін мүмкіндік. 14 күн өз ісінің мамандарымен жұмыс істеу, олардан білмегеніңді үренудің өзі сені жаңа жетістіктерге жетелейді. Біз әр күн сайын таңғы сағат 9-дан кешкі 6-ға дейін оқыдық. Алғашқы апта теориялық, екінші апта практикалық білімімімізді толықтырдық. Бос уақытымызда қаланың көрнекті жерлеріне барып, танымымызды арттырдық.

Әлемді байланыстыратын не деп ойлайсыз?

– Адамдық қасиеттер мен ғылым.

Дайындаған: Дана РУСЛАНҚЫЗЫ

NAR.KZ

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған