Сәл ғана

күтіңіз

Ерте солған гүл…

Қазақтың маңдайына әр ғасыр сайын тағдырдың талайна ұрынып, тарих бетінен жоғалып кетуге шақ тұрса да өлмейтін сірі жанды, нар ұлдарды берсе, құрсағын батыр ерлермен толғатып қана қоймай, сол батырлықтың үлгісін өздері де көрсете білген ақ маңдайлы арулары да аз болмаған. Әңгіме Колбиннің қанды қамшысының ізі жара салған нәзік жүректі бойжеткеннің тағдыры жайында болмақ.

Ләззат Асанова – 1970 жылы шілденің 27-жұлдызында Алматы облысы, Панфилов ауданы, Ақжазық ауылында дүниеге келген. 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісінің құрбаны. «Қазақтар! Кіріптарлық құлдықта өмір сүргеніміз жетеді! Біз еліміздің тәуелсіздігін жеңіп алған кезде ғана азат бола аламыз!» деп ұрандаған ару жазықсыз жазаланып, өз заманының зардабын шекті.

Үйінің тұңғышы Ләззат кішкентайынан-ақ зеректік танып, қайсарлығы мен батылдығын байқата бастайды. Достарымен доп ойнап жатқанда доп көрші аулаға түсіпті. Көршінің қабаған итінің алдына топ етіп түспесі бар ма? Сол кезде иттен қорқып, бірі қашып кетсе, бірі жылап жіберген көрінеді. Ал Ләззат болса, еш қорықпастан қабаған иттің алдында жатқан допты алып кеткен дейді. Мектепті де үздік оқыған ол 8 сыныпты аяқтай салып, Чайковский атындағы музыка училищесіне оқуға түседі. Ел мен жердің тағдыры алаңдатқан ару желтоқсанның ызғарлы күнінде, қанды қырғынның құрбаны болған.

Анасы суық хабардың жеткенін былайша баяндапты: «Суық хабар 1986 жылдың 24 жетоқсанында жетті. Түс кезі еді, бір қора адам сау етіп кіріп келді. Есіктің алды қызылжағалыларға толып кетті. Қолдарында екі қағаз бар: бірінде «қыздарыңыз нашар», екіншісінде «қыздарыңыз қайтыс болды» деп жазылған. Мен есімнен танып қала жаздадым. «Барамын» десем «Жоқ,бармайсыз, өзіміз арулап әкелеміз» деп бір аңыратса, екіншіден үйден шығармай одан сайын зарлатты. Кешкі сағат 8 шамасында сүйегін алып келді. Мені қақпайлап, табытқа жолатқысы келмеді. Бірақ көнбей, денесін ашқызып көрдім. Байқағаным, денесі сап-cау, тек қана шүйдесі ғана ойылған. Сүйегін ашып, шариғат жолымен жуындырдым. Өзі қандай сүйкімді болса, сол әдемі қалпында жатыр. Менде «бесінші қабаттан құлаған адамның денесі мұндай болмайды» деген күдік пайда бола бастады. Кейін, мейрам суын берген ауылдағы көпті көрген апайлардың бірі тырнақтарының қанталап, көгеріп тұрғанын айтты. Сол күні таңға дейін Ләззатыммен қоштастым. Баламның өлімі маған үлкен қасірет болды. Аңырап артында қала бердік… 16 желтоқсан… 16 жас… қыршынан қиылған өмір…»

Қазір Алматы қаласындағы Желтоқсан мен Сәтбаев көшелерінің қиылысында орналасқан «Тәуелсізлік таңы» деп аталатын ескерткіш бар. Бұл ескерткіштің композициясының артында екіге жарылған гранит бар. Қызыл жағы кешегі кеңес уақытын еске салса, ақ жағы жастардың егемен ел болудағы арманы іспетті. Ал осы екі тастың алдында тұрған әйел бейнесі. Жоғарыда айтқан бұрымдыларымыздың егемен ел боудағы арманының алға басқаны іспетті. Кім білсін, мүмкін бізде де арамызда қаһарман қыздар жүрген шығар?

ҚАЙРАТ АҒАМА ХАТ

(Ләззат Асанованың монологі)

Мен де армансыз…

Мен де ажалсыз…

Азатпын,

Мендегі мұң – Сіздің мұңдай азап мұң.

Ғажап мұң деп айту Сізге лайықты,

Бір білерім –

Қайсар қызбын! Қазақпын!

Иә, солай…

Намыс отын маздаттым!

Маған қымбат –

Азат елім, Азат күн.

Тек бір арман…

Он алтымда қиылдым –

Анасына айнала алмай қазақтың…

Назы дерсіз…

Ерке қыздың кезекті –

Өкінішім өртемейді өзекті.

Жаным – жібек, жалын еді жүрегім –

«тік мінезді» екен деген сөз өтті.

Жүрмін, Аға, жалғыз өзім жабығып,

Ай – серігім. Айдан тұмар тағынып.

Желтоқсаннан ұзап шыға алмадық –

Сіз көктемді, мен жазымды сағынып…

Анамды да ойлап қоям, Ардақты –

Ай,жылдарын мені ақтауға арнапты.

Түбі әйтеуір, жеңіп шықты. Шындық бар!

Білем… сезем…

Талай жандар алдапты.

Сіздің де, Аға, арманыңыз көп еді…

Терең ойды бал тамған тіл төгеді.

Ұланы едік Мойынқұм мен Жаркенттің –

«Ел деп, жер деп» көсегеміз көгерді.

Ай күзетіп, Ару сүйе алмаған –

Ағам менің «Ақтық сөзін» арнаған.

Сізге ғашық бүкіл қазақ қыздары,

Сізге риза баяны жоқ бар ғалам!

Бәрі разы.

«Бөрі мінез Бабалар»,

Алтын құрсақ, ақ жаулықты Аналар.

Бозторғайдай шырылдаған жаныңыз –

Сан мың ғасыр, сан мың дәуір бағалар.

Халық үшін құрбан жастық, жанымыз –

Биік әркез – Жігер, Намыс, Арымыз!

Айтыңызшы…

Қуандық қой қабірде –

Тәуелсіз боп атқан кезде таңымыз!

Бәрі арманда!

Көрмеген де, көрген де…

Біз тірілдік құлдық сана өлгенде!

Жүрегімді мұңлы ән-күй кернейді –

Сіз айтқандай, «Үн шығады көрден де».

Жоғалттым ба домбырамның тиегін?

Жалғаспады өнер жолы – киелім.

Мен бірақ та…

Бақыттымын дәл Сіздей:

«Сүтім – Қазақ!

Қазақ – менің Сүйегім!».

Гүлбақыт ҚАСЕН

NAR.KZ

 

 

 

3 thoughts on “Ерте солған гүл…

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған