Сәл ғана

күтіңіз

«Менің халқым меннен де биік»

Қаныш Имантайұлы Сәтбаев – 1899 жылдың сәуірдің 12-жұлдызында Павлодар облысы, Баянауыл ауданында дүниеге келген. Қазақ КСР академиясының ұйымдастырушы, тұңғыш президенті, академик, геолог-ғалым, минерология ғылымдарының докторы, профессор.

Бала Ғабдулғани

Академиктің шын аты – Ғабдулғани болатын. Арабшадан аударғанда, «шексіз байлық иесі, ешкімге мұқтажсыз Алланың құлы» деген мағынаны береді. «Ғани», «Ғаныш» еркелете келе «Қанышқа» айналған.
Әкесі Имантай баласының басының үлкендігіне қарап: «Менің осы балам не сөз ұқпайтын маубас, не елден асқан данышпан болады» дейді екен. Бала Қаныш сол күндерден-ақ ерекше ұғымталдық қабілет танытты.

Кейінгі ұрпаққа да байлық керек шығар

«Менен «Өз өміріңдегі аса зор бақыт дегенді қалай түсінесің?» – деп сұраса, онда мен өзіміздің елімізде өмір сүру және жұмыс істеу секілді зор құрметтің үлесіме тигендігін өзім үшін ең үлкен бақыт санайтындығымды алға тартар едім…».

«Өз білімін өмірдің, өндірістің тәжірбиелерімен нығайтып, байытып отыратын, тапқан ілімін үлкенді-кішілі ашқан жаңалығын халықтың қажетіне беріп отыратын ғылым ғана өз дәрежесінде заман талабының өресінде болады».

«Ғылым майданының қатардағы жауынгері тек үнемі оқу, іздену, талпыну, тану, өмір мектебінен өту арқылы ғана оның ірі қайраткері дәрежесіне дейін көтеріледі».

«Ғалымға азық берер қайнар көзі кітап бетімен, лаборатория аумағымен ғана шектелмейді, өмірді танумен, еңбек адамының жасампаз ісін танумен кең өрісін табады».

«Еңбек етпесең, жиған білімің кәдеге жарамай жатқан минерал секілді. Оның ішін аршып, асыл кенін жарқырату үшін еңбек керек, қол мен ой қимылы қажет» .

«Біліміңді еңбек пен өмірдің өзінде шыңдап отыр! Сонда ғана білім деп аталатын асыл тас ешқашан тот баспастан жалтырай да жарқырай береді.

«Ісіңізге, еңбегіңізге, оқуыңызға нағыз нағыз адамгершілікпен қарасаңыз, сөз жоқ, жеңіске жетесіздер».

«Өз елінің қара тасын мақтан ете алмаған, өзге жердің алтынын да мақтап жарытпақ емес».

«Қанекең басқаша адам еді»

«Қ.И. Сәтбаевты өзгелерден дараландырып тұратын қасиеттері – оның тамаша ұйымдастырушылық таланты мен өз идеялары төңірегіне қыруар пікірлестері мен шәкірттерін жұмылдыра білген ғажайып қабілеті, геологиядан тарих пен әдебиетке дейінгі, поэзия мен театрға дейінгі ғылымның сан алуан салаларындағы және адамзат қызметінің аясындағы шын мәніндегі энциклопедиялық білімі болатын». (Н.Назарбаев)

«Қанекең тіпті басқаша адам еді». (Әлкей Марғұлан)

«Кеңес Одағында Қаныш Сәтбаев сынды әлемдік тұлғаның туғандығы – ғажап құбылыс». (Ұлыбританияның премьер-министрі Антони ИДЕН)

«Қаныш Сәтбаев өте қарапайым, момын шәкірт еді. Алайда оның білімге деген ынтасы бірден байқалды. Бірде мен оған кафедрадағы кітапхананы қарап шығуға кеңес бердім. Одан соң Вальтердің «Шөл даланың түзілу заңдары» деген кітабын оқуды тапсырдым. Кітапты қайтарған кезде ол маған көптеген сұрақтар қойды. Тегі, ұнаған-ау деймін. Өйткені «Қазақстанның өзіме таныс бөлігінде жер бедерлерінің қалайша пайда болғанын енді ғана түсінген сияқтымын» дегені есімде қалыпты». (Геология-минералогия ғылымдарының докторы, профессор В.А.Хахлов)

«Музыкамен қатар, Қаныш өнердің бір түрі – биді де қатты қадірлейтін. Полька, мазурка, вальс билерін ол кездегі қазақ жастарында бұлардай ешкім билемеген». (Әлкей Марғұлан)

«Қаныштың ұлы ақындарымыздың бірі екеніне бүгінге дейін шәктеніп көрген емеспін. Рас, ол ұлы ақын еді. Ол желдің, судың тілін түсінетін, далада жатып жердің алып жүрегінің қалай соққанын тыңдайтын, тереңдегі мұнайлар шуылын еститін. Оған тас сөйлеп, сыр шертетін, темір ән айтатын. Ол нағыз адам еді ғой». (Әбділда Тәжібаев)

«Ол жан-жақты ғалым болатын. Көркем әдебиетті көп білетін, өнердің сан саласына ой жіберіп, жақсы пікірлер айтып отыратын. Жалпы, Қаныш сөзге сараң кісі еді. Ол өз білгенін орынсыз айта бермейтін. Ал кездесулерде, үлкен жиындарда, басқосуларда басқалардан озық шығып, ойлы келіп отырады. Ғылымның бар саласынан бес саусақтай хабардар еді, бәрін де жете білетін. Әркім одан жақсы ой, пайдалы пікір, әдемі әңгіме, алуан жаңалық есту үшін баратын». (Сәбит Мұқанов)

«Мені бір көргенмен жадында сақтап қалғыш мінезі талай тандантты. Арада он жыл өтсе де бір ұшырасқан адамды кеше ғана кездескендей ұмытпайтын». (Ш.Ш.Шөкин)

Дайындаған: Алмабек Ибраймов

NAR.KZ

1 thought on “«Менің халқым меннен де биік»

  1. Ардақты ағамыздың ғалым Қаныш Сәтбаев туралы мақала көңілге қонымды қазақ ғылымы үшін көптеген дәйектер келтірілген халқы үшін сіңірген ерең еңбегі , дара тұлға екендігі айқын көрсетілген мақала жас ғалымдар үшін үлкен дара жол .

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған