Сәл ғана

күтіңіз

Ердің сыншысы елі болмақ

«Ер — намысының құлы» дейді қазақ. Ары мен рухын жаннан артық қойған ел едік. Қазір заман да адам да өзгерді. Ту ұстаған ердің де, бесік тербеткен әйелдің де хәлі мәз болып тұрған жоқ. Осы мәселе төңірегінде әңгіме өрбіттік.

  1. Ел азды ма, еркек пе?
  2. Қазіргі қазақ жігіттеріне қандай қасиеттер жетіспейді?
  3. Неге қазіргі жас қыздар тоқал болуға құмар?

   Динара Болат, жиһангез блогер:

Ел азды деуге келмейді. Біздің қазақ не көрмеген. 70 жылдары Ресейдің отаршылдық саясаты, оған дейінгі ашаршылық жылдар, Ұлы Отан соғысы бәрі әйел адамдарға ауыр тиді. Ұлға өз дәрежесінде тәрбие берілмей қалған да кезеңдер болды. Қазіргі кезде ұсақтыққа бой алдырған, әлжуаз, ынжықтау, дене бітімдері де шымыр емес, әңгімеге құмар жігіттерге көңіліміз толмай жатады. Оның себебі, сол бір қиын шақтарда тек ананың тәрбиесін көріп, ер адамның қатаң тәрбиесін алмағандықтан деп ойлаймын.

Қазіргі біздің жігіттер әскерден қашады. Бұл ертеңгі күні Отанын қорғай алмайды деген сөз. Елін қорғамайтын адам әулетіне де, отбасына да қорған бола алмайды. Сондықтан, осы бір батырлық, қайсарлық, табандылық қасиеттер ер адамдарға жетіспейді. «Ер азығы түзде» деп кейбір әкелер өздерін бала тәрбиесінен алшақ ұстайды, өз мойындарына алғысы келмей жатады. Ал ердің негізгі міндеті отбасын асырау, баланың тәрбиесіне анасымен тең дәрежеде атсалысу. Мұның өзі жауапкершілік. Сондай-ақ, жігіттер қауымына қашанда отбасы тізгінін ұстай алатындай мықтылық, білімділік, біліктілік жетіспей жатады.

Бұның бәрі отбасындағы тәрбиеге байланысты. Қыз, ұл болсын, кішкене кезінен еңбекке баулу керек. Өз табысын өзі тауып үйренуді дағдыландыру керек. Екіншіден, қазіргі өмірде қыздарға ұсынатын жылтыр, қымбат, әдемі дүниелерді таңдауға мүмкіндік көп. Соның барлығын оңай және тез иемденсем екен деген ашкөздік сезім де болады. Ауқатты, бай-қуатты бір адамның жанында болсам, сол адам менің мәселемді шешеді, жоғымды түгендеп береді деген түсінік бар. Онымен қоса, физиологиялық, психологиялық тұрғыдан қарағанда ұлдар кеш дамиды. Ерлердің езбе мінезі, ұсақтығы біздің қыздарға көп кедергі. Сондықтан өзінің жас деңгейіне сәйкес интеллектуалдық, моральдық дамыған, жауапкершілігі бар азаматтың өзіне лайық, ересек жан-жақты қалыптасқан, қоғамда белгілі бір орны бар, қаражаттық қамтылған ерлерден іздеуі заңдылық.

Жанарбек Әшімжан, ақын:

Ел бастаған ер-азаматтардың мойнына үлкен жауапкершілік қай дәуірде де жүктелген. Қоғамдық өмірімізде орын алып жатқан алуан түрлі жантүршігерлік жағдайларға ел ішіндегі еркек пен әйелдер бірдей жауапты. Еркектердің ішінде де, әйелдердің ішінде де ұлт үшін жанын беріп, ел үшін етегіне сүрініп жүргендер аз емес, сондай-ақ азғындыққа жол беріп жүргендер де екі жақтың үлесінде.

Бүгінгі менің замандастарыма ең бірінші қыз баланы қадірлеуде, махаббат сезіміндегі кіршіксіз идеяға беріктігі жолындағы Төлегеннің қасиеті жете бермейді.

Тажикова Ақтолқын, журналист:

Өте күрделі сұрақ. Ел азды деп жалпы әлеуметке топырақ шашуға болмайды. Еркек кінәлі дейін десеңіз, жалпылама қоғамдағы ер азаматқа тіл тиеді. Ер азамат — ол сенің әкең, атаң, ағаң, інің т.б болып кете береді. «Еркек деген атқа лайықсыз ез көбейсе, Ел ішінде азғындық тез көбейеді»,-деп айтыскер ақын Балғынбек Имаш жырлағандай бүгінгі таңда қоғамның қолдан жасап алған дерті бар. Нақты айтар болсақ, кей қазақ жігіттерінің арасында альфонс пен көгілдір жігіттердің күн санап көбеюі. Әлеуметтанушы мамандар көздегені жайлы тұрмыс, алайда белдерін ауыртып, ақша тапқысы келмейтін еркектердің көбейіп бара жатқандығына алаңдаулы екенін ашық мәлімдеді. Әйелдің мойнына мінген еркекті кім деп атауға болады? Сондай-ақ ақша үшін әйелдерінің жатырын жалға беретін еркекті кім дей аласыз

«Еркек — түздің көркі, Әйел — үйдің көркі» деген. Сол биіктіктен еш уақытта ер азаматқа құлдырауға болмайды. Еркектен намыс кеткен кезде, қоғам езге айналады. Бүгінгі қоғамның кей жас жігіттеріне ұлттық рух пен намыс, бауырмалдық, сөзге тоқтау жетіспейді. Рухты батырдың ұрпағы екенін кітаптан ғана білетін ер азаматтар бар. Тіптен, Бөгенбай, Махамбет, Исатай, Райымбек сынды батырлардың есімі санасында сақталмаған қазақ жігіттері жетерлік. Жүректе рух болмаған кезде, ми сөз жүзінде ғана жұмыс істейді. Одан өзге бүгінгінің Төлегеніне жауапкершілік деген ұғым жетіспейді. Себебі, сананы үй, машина, атақ, абырой т.б билеген. Жүректі материалдық дүние билеген кезде, рухани тоқырауға ұшырайды.

Қоғамдағы әйел затының уайымы пайда болды. Ол жасырын тоқал ұғымы мен жария тоқал мәселесі.  Бүгінгі күні «Тоқал» ұғымымен бетпе-бет алысып жүргендер көбейіп, жалқы отбасылық мәселеден бүгінгі күні әлеуметтік мәселеге айналып бара жатқандығы өкінішті-ақ. «Дәстүріміз еді» деп жалпы түсіндіре салғымыз келеді. Бірақ, бұрынғы тоқал болу мен қазіргі тоқал болудың арасы жер мен көктей. Неге он екіде бір гүлі ашылмаған қыздардың санасы тоқал болуға жаны құмар? Біріншіден, бұл жағдайға көбіне материялдық тұрғыда жағдай жасау мақсатында барады. Екіншіден, таңдап жүргенінде өз жасындағы ер азаматтар отбасылы болып кеткендіктен біреудің екінші жары болу ғана қалады немесе ажырасқан ер азаматқа тұрмысқа шығады.

«Ердің сыншысы – елі» деп тегін айтпаса керекті. Ұлттың Ұлы болуы – ерден. 

 

 

 

 

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған