Сәл ғана

күтіңіз

«Әлем философиясының мұрасына машықтана бастадық»

Қазақстанда «Мәдениеттану» мамандығының  негізін қалаушылырдың бірі, мәдени антропология кафедрасының алғашқы меңгерушісі, «Құрмет» орденінің иегері, филос.ғ.д профессор Ғабитов Тұрсын Хафизұлымен болған сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз.

– Тұрсын Хафизұлы ғылым жолына қалай келдіңіз?

– Менің елу жылдан артық өмірім әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетімен байланысты. 1966 жылы, ол кезде С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университеті деп аталатын, Қазақстандағы жалғыз университетінің «философия» бөліміне қабылданғаннан бастап, осы қара шаңырақтан кеткен емеспін. Еңбек кітапшамда елу жыл бойы тек қызмет атқаратын бір ұжымның атауы бар және философия – менің бірден-бір басты мамандығым. Жалпы, қазақстандық кәсіби философия марксистік-ленинистік философиясы негізінде ХХ ғасыр ортасында қалыптаса бастады. Берілген философиялық жүйе идеологияландырылған және догматталған сипатта болғанына қарамастан, кәсіби философияның Қазақстанда пайда болуының өзі-ақ қазақ руханилығы мен өркениеттілігінің дамуына өзіндік үлес қосып, маңызды рөл атқарды.

Кеңес Одағының саяси басшылары өзіндік мақсаттың жетегінде кеткенімен, Қазақстанға философиялық білімнің қалыптасып, ұйымдасуы үшін, жеке жоғары дайындықтан өткен философтарды Ресейден жіберді. Сонымен қатар, Мәскеу, Ленинград, Киев және т.б. қалалардың оқу орындарына кәсіби философиялық білім алуы үшін Қазақстан жастары да бағытталды. Кәсіби философия қалыптасу жүйесіндегі маңызды функцияны түпнұсқаға жүгініп, әлемдік философияның барша тарихымен танысуды атқарды.

– Студенттік уақытыңызды еске алып көрейік.

– Өзімді ҚазҰУ-дың философия бөлімінің студенті ретінде еске алатын болсам, әлі күнге дейін есімнен шықпайтыны, біздің оқытушылар (М.Н. Чечин, Ж.М. Әбділдин, Ә.Н. Нысанбаев, Л.К. Науменко, Г.А. Югай, А.Х. Қасымжанов және т.б.) Аристотель, Спиноза, Кант, Гегель және т.б. еңбектерінің конспектілерін талап ететіні еске түседі. Орыс тіліндегі әдебиеттерді қолға ала отырып, біз әлем философиясының мұрасына машықтана бастадық. Келесі жағдай қызықты-ақ. Болашақ философтар марксистік философия төңірегінде оның аз идеологияландырылған бөлімдеріне ерекше қызығушылық танытты: философия тарихы мәселелері мен диалектика, гносеология, жаратылыстану мен гуманитарлық ғылым салаларындағы философиялық сұрақтар және т.б. Ұлттық республикаларда орыс философиясының ойлары жөніндегі зерттеулердің дами түсуінің нәтижесінде «КСРО халықтарының философиялық тарихы» сияқты пәндердің қалыптасуына, соның негізінде қазақ руханилығының тарихына бетбұрыс күшейді.

– Тәуелсіздіктің  қазақ мәдениеті мен философиясы үшін маңызы болды ма?

– Қазақстанның тәуелсіз ел болуы – еліміздегі философияның рөлі мен мазмұнын түбегейлі өзгертіп жіберді. 25 жылдығын енді ғана атап өткен тәуелсіз Қазақстанның философиядағы жетістігі – «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру және қазақ философиясын кәсіби деңгейде қайта жасап шығару. Бұл екі аумақты міндетті жүзеге асыруға әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің философтары үлкен үлес қосты.

– Жаһандану уақытында мәдениет алдындағы негізгі міндетіміз қандай?

– Жаһандану жағдайында алдымызда тұрған міндеттердің бірі халқымыздың ежелгі тарихи, мәдени және рухани әлемінің терең тамырларын анықтап, оларды қопара зерттеп, философиялық тұрғыдан біртұтас жүйеленген ұлттық мұрамызды жаңғыртып жасап шығару. Қазақ халқының әлемдік өркениетке мен дегізерлік өзіндік болмысымен енуіне мүмкіндік беретін, ілгері дамуымызға тұғыр болатын ұлттық санамыздың ұстанымды ерекшеліктерін саралау өте маңызды және бұл ғасырлар тұңғиығымен тамырласып жатқан құндылықтар, яғни біздің ұлттық тұтастануымыз үшін табан тірейтін тұғырларымыз ұлттық руханиятымызды жаңа өркениеттік көзқараспен, терең біліктілікпен жан-жақты талдау.

– Мәдени әлеуетті арттыруға бағытталған бағдарламаларға қатысты ойыңыз қандай?

– Тәуелсіз еліміздің тұңғыш президентінің нұсқауымен жасалып отырған аталмыш «Мәден мұра» рухани жаңаруымызға байланысты көптеген көкейтесті мәселелерді толық қамтып отыр десек қателеспеген болар едік. Бұндай ерекше бағдарламалардың дәл осы тұста, яғни дербестігімізге жиырма бес жыл толған соң да өз өзектілігін жоғалтпайды. Бұлтағы да Қазақстан Республикасын құрушы қазақ халқының өміршеңдігін, арман-тілегінің орындалғанының айғағы емес пе? Олай болса, соқпағы көп тар жолда көршілес елдермен терезесі тең болу үшін дұрыс бағдар ұстап, әлемдік өркениетке ұмтылу, өз халқыңның жетістігін әлемге паш ету әрбір Қазақстан азаматының парызы және жастарға аманат. Осыған орай, атқарылған іс, жоспарланған жұмыстың барлығы өркениет өлшемдеріне сәйкес, жемісті де нәтижелі болуы қажет.

«Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасының алғашқы кезеңінде (2004-2008 жж.) «Әлемдік философиялық мұра» сериясының редакциялық алқасы (Төрағасы – Нысанбаев Ә.Н., әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дан Ғабитов Т.Х., Молдабеков Ж.Ж.) үш бағытта жұмыс істеді. «Әлемдік философиялық мұраның» 20 томдығының, «Қазақ халқы философиялық мұрасының» – 20 томдығының, әл-Фараби шығармашылығы 10 томдығының құрылымы, әр томның тарихи-философиялық кезеңдері мен оған енетін ойшылдардың шығармалары талқыланып, іріктеліп алынды.

– Жоғарыда айтып өткеніңіздей «Әлемдік философиялық мұра» және бірге қызмет атқарған әріптестеріңіз туралы толығырақ ақпарат берсеңіз.

– «Әлемдік философиялық мұра» тұңғыш рет қазақшаға аударылды. Осы серия бойынша ежелгі дүниедегі шығыс және антикалық философиядан бастап ХХ ғасырдағы батыс философиясының басты ағымдары және олардың әйгілі өкілдерінің негізгі еңбектерінен үзінділер берілді. Еңбектер түгелімен орыс тілінде шыққан шығармалардан аударылды. Әр томның құрастырушысы үзінділердің мазмұны мен сабақтастығына жауап берді. Жұмыстың келесі түрі – сол іріктелген еңбектердің топтамаларын қазақша аудару. Аудармаға алғаш рет философтардың өздері тартылды. Аударма мәтіндері философтар арасында сарапқа салынды. Аударма жұмыстарына факультеттен Т.Х. Ғабитов, А.Т. Құлсариева, Ж.Ж. Молдабеков, А.Д. Құрманалиева, Н.Ж. Байтенова, Л. Асқар, Қ. Затов, Б. Бейсенов, Е.Масанов және т.б. қатысты.

Профессор Ж.Ж. Молдабеков «Ежелгі шығыс философиясының» (Т.1), «Жаңа заман философиясының» (Т.6) құрастырушысы ретінде, көлемі 30 баспа табақтық осы томдарға арнайы алғы сөз, глоссарий, түсіндірмелер жазды, ойшылдардың шығармаларын аударды. Аталынған томдардың құрылымына, аудармалық сапасына, жалпы мазмұндық сабақтастығына жауапкершілікпен қарады. Екінші серия «Қазақ халқы философиялық мұрасы» алғаш қолға алынған үлкен шаруа еді. «Ежелгі көшпелілер дүниетанымынан» (Т.1. құрастырғандар: Т.Ғабитов, Д. Кенжетай) бастап, «Тәуелсіз Қазақстанның философиясына» (Т.20) дейін, халқымыздың інжу-маржандарын топтастырған және идеялық-рухани байлығын тұтас қамтыған сериялық жұмысты құрады. Бұл тың да күрделі серия бойынша түрлі әдебиеттерден шығарманы іріктеу, түркі, араб, орыс тілдеріннен аудару, оларды идеялық бірізділікпен сараптау, әр томға, авторларға арнайы түсіндірме жасау жұмыстары қатар жүргізілді. Олардан дүниетанымдық, этикалық, эстетикалық, көркемдік сипаттары айқын үзінділер іріктеліп келтірілді. «Қазақтың халықтық философиясы» (Т.7) тұңғыш рет арнайы зерттелінді. Томды құрастырған, түсіндірмелік талдау жасаған проф. Ж.Ж. Молдабеков бұқаралық ақпаратта бұл томға пікірлер айтылды.

Профессор Ж.Ж. Молдабеков «Қазақ ақын-жырауларының дүниетанымы» (Т.8, Қ. Әлжанмен бірге), «Қазақтың би-шешендерінің дүниетанымы және философиясы» (Т.9, Д. Раевпен бірге) құрастырушысы әрі тұжырымдамалық түсіндірмесін жазған автор. Бұл серияны құрастыруға белсенді араласқан – профессор Т.Х. Ғабитов. Оның жетекшілігімен «Қазақтың тарих философиясы» (Т.6), «Қазақ этикасы мен эстетикасы» (Т.12), «Қазақ ағартушыларының философиясы» (Т.10, Г. Барлыбаевамен бірге), «ХХ ғасырдың басындағы қазақ философиясы» (Т.11, Ә. Нысанбаев, С. Нұрмұратовпен бірге) жарық көрді. Профессор Н.Ж. Байтенова «Философиялық антропология. Мәдениет философиясы. Дін философиясы» (Т.19, Г. Нұрышевамен бірге) кітабын құрастыруға қатысты.

Факультет философтары «Әлемдік философиялық мұра» сериясының 20 томын, «Қазақ халқы философиялық мұрасы» сериясының 20 томын, әл-Фараби шығармаларының 10 томын дайындауға тікелей қатысып, әлемдік және ұлттық рухани-философиялық мұраны ана тілінде насихаттауға сапалы да, сүбелі үлес қосты.

– Тәуелсіздік алғаннан кейінгі философия түсінігіне анықтама берсеңіз

– Тәуелсіздік жылдарында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ философтары еліміздің басқа да философтарымен бірге қазақ халқының философиялық ойларын жаңғыртумен қатар қазіргі әлем тыныс-тіршілігі мен талаптарына сай жаңа ұлттық философияны қалыптастыра алды. Бұл мәселеге тікелей көшуден бұрын «қазақ философиясы» түсінігінің мән-мағынасын ашып алу қажет. Біздің ойымызша, осы мәселе кеңмәтінінде «философия» терминінің әртүрлі ерекшеліктерінің ішінде бұл ұғымға ең жақын келетіні философияны ұлттық мәдениеттің «тірі рухы, квинтэссенциясы» (Гегель) деп қарастыру. Сонымен қатар дамыған және өзіндік жетілген ұлттық мәдениеттің өзіндік ұлттық философиясы болады, сол арқылы ол ең әуелі өзін, содан соң әлемге деген және өзге мәдениеттерге деген қарым-қатынасын таниды немесе ұғынады. Осы жағдайда біз қазақ, өзбек, түрік және т.б. философиясы туралы айтсақ болады.

– Философия мен мәдениеттің байланысы неде?

– Философия дүние мен адамның қатынасындағы әмбебапты негіздерді зерттейді. Оларды өзара байланыстырып, қабыстырып тұрған тетік – мәдениет, ал ол қашанда этникалық сипатта болады. Егер философия мәдениеттің рухани мәйегін, өзегін, күре тамырын құрса, онда әрбір этномәдениеттің өзіндік философиясы бар екендігі анық. Осыдан әлемде қанша ұлттық жетілген мәдениеттер бар болса, сонша ұлттық философиялық жүйелердің болатындығы анық дәлелденеді. Ұлттық философияда ұлттық мәдениет өз қисындылығына жетеді. Бұл арада философия мен жеке ғылымдардың арасындағы айырмашылық анық көрініс табады. Табиғаттану ғылымдарынан өзгеше философия (метафизика) пәні физиканың арғы жағында жатыр. Айталық, неміс химиясы жоқ, бірақ неміс философиясы бар (Мырзалы С. Философия әлеміне саяхат, 2001, 2 бөлім, 158 б.). Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ философтары мәдениет философиясын зерттеуде де айтарлықтай табыстарға жетті (Исмағамбетова З.Н., Масалимова А.Р., Қарабаева Ә.Г., Әбдіғалиева Г.К., Жолдубаева А.К., Әбішева Ә.К. және т.б.).

Қазақ философиясы рухани астарлы формаларының жүйелеу принциптері туралы көп тоқтамай-ақ қазақ мәдениеті контекстінде қазақ философиясының келесі типтерін атап өтуге болады: исламға дейінгі Еуразия көшпенділері философиясы, Орталық Азиядағы ислам ренессансы философиясы, қазақ хандығы кезіндегі философия, зар-заман және ағартушылық философиясы, ұлттық ояну философиясы, қазақтың марксистік философиясы, Қазақстан Республикасының философиясы (қараңыз: Қазақ халқының философиялық мұралары. 1 т. – Астана: Аударма 2005). Анахарсистен біздің күнге дейінгі уақыт бұл түркі философиясының болмыстық кезеңі болып табылады.

Бірнеше тарихи параллельдер: көне сақ ойшылы, «әлемдегі жеті данышпанның бірі» Анахарсис, өнегелік жөніндегі антикалық түсіндірмелерге күмәнданушылықпен қарай отырып, оларға көшпелілердің жоғары руханилығын қарсы қояды (қараңыз: Қазақ халқының философиялық мұрасы. – Т.1. – Астана, 2005). Орхон-Енисей жазба мұралары табғаштардан (қытайлардан) өнеге мән жүріс-тұрыс стереотиптерін алудың қауіптілігін ескертеді. Әйгілі, Қорқыт Атаның өзі өмірдің мәнін, әрі адамзаттың мәңгі өмір сүруінің жолын іздейді. Абай атамыз адам болуға шақырады. Осы қысқаша сентенциялардың өзінен-ақ түпкілік руханилықтың этикалық бағыты анық байқалады.

Қазақ философиясы басынан-ақ ислам әлемі философиясының бір бөлігі ретінде аяғынан тік тұрған. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да ислам дүниетанымы мен құндылықтарын зерттеген ғалымдардың қатарында М.С. Орынбековтың, Н.Ж. Байтенованың, А.Д. Құрманалиеваның, Ш.С. Рысбекованың, Қ.А. Затовтың, Б.Қ. Бейсеновтың, Қ.М. Борбасованың және  т.б. есімдерін атап өткен жөн.

– Қазақ философиясын зерттеу барысында қандай жұмыстар жарық көрді?

– Қазақ философиясын зерттеу жаңа заманда жаңа деңгейге көтеріле бастады. Алдағы сараптауымызға тікелей қатысы бар төмендегідей түркілік философияның ерекшеліктерін атап өтенді жөн көрдік:

1. Қазақ философиясы философиялық емес сарындағы даналық тәжірибесіне жатады (А. Қасымжанов, М. Орынбеков және т.б.).
2. Қазақ философиясы табиғатқа бас июмен, оны тәңірі тұтумен сипатталады, оның терең экологиялық мазмұны бар (Ғ. Ақпанбек, С. Мырзалы, Т. Ғабитов, А. Қасабек және т.б.).
3. Қазақ философиясы көшпелілік менталитетпен тығыз байланысты (Д. Кішібеков, Ж. Молдабеков, С. Ақатай және т.б.).
4. Қазақ философиясы онтологиялық және гносеологиялық мәселелерден гөрі этика мен антропологияға көбірек көңіл бөледі (І. Ерғалиев, Т. Рысқалиев, Т. Бурбаев, Б.М. Сатершинов және т.б.).
5. Қазақ философиясында аксиологиялық мәселелерге, әсіресе рухани құндылықтарға ерекше назар аударылады (Ә. Нысанбаев, С. Нұрмұратов және т.б.).
6. Қазақ философиясы өзінің ғарышпен, әлеммен үндестігі арқылы сипатталады (Қ. Нұрланова, Т.Ғабитов, Қ. Әлжанов).
7. Философиялық мәселелер, қазіргі тілмен айтқанда, негізінен экзистенциалдық, дидактикалық және прагматикалық сипатта қарастырылады (Ғ. Есім және т.б.).
8. Қазақ философиясында нәпсіден, байлықтан, табыстан гөрі ар-намыс, қанағат, тәубе, әділеттілік және тағы басқалары жоғары қойылады, алудан гөрі беру дәріптеледі (Затов Қ., Әлімжанова Ә. және т.б.).
9. Ұжымдық мүдде жеке мүддеден жоғары қойылады (Сегізбаев О.А. және т.б.).

– Қазақ философиясын дамыту жолдарын көрсетсеңіз.

– Қазақ тіліне аударылған және түсіндірмелер берілген «Әлемдік философиялық мұра» мен қазақ философиясы кеңмәтінінде орындалған зерттеулерді болашақ ұрпаққа аманат ретінде тапсырамыз.

Әрине, Қазақстан философтарының, солардың арасында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ғалымдарының алдында әлі шешімін күтіп тұрған біршама философиялық мәселелер бар. Олардың кейбіріне назар аударайық:

республикадағы философиялық еңбектерде әлі күнге дейін бұрынғы тоталитарлық идеологияның әсері орын алып келеді;
заманауи талаптарға сай философияны қалыптастыру әл-Фараби атындағы ҚазҰУ философтарының кезек күттірмейтін міндеті болып табылады;
әлемдік тәжірибеге сай мәдениеттану мамандығын мәдени антропология бағытына ауыстыру қажет;
қазіргі заман талаптарына сай философиялық зерттеулер орталығын ашқан жөн;
практикалық мазмұнды философиялық арнаулы таңдау пәндерін кеңейту қажет.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ «Мәдениеттану» мамандығы 2 курс магистранттары Зейнуллин Р.Б., Осербаев Е.Н.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған