Сәл ғана

күтіңіз

Синхронды аудармашы мамандығы ашылды

Әл – Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің филология және әлем тілдері факультеті биылғы оқу жылын жаңа мамандықтармен толықтырды.

Қазіргі нарық заманында бәсекелестікке қабілетті мамандар дайындау мақсатында «Шетел филологиясы және аударма ісі» кафедрасының жанынан «Синхронды аудармашы» деп аталатын мамандық ашылып, бірінші рет магистранттарды қабылданды. Себебі, қазіргі таңда синхронды аудармашылар сұранысқа ие мамандықтардың бірі. Кез-келген жиында, форумдарда, кездесулерде синхронды аудармашылар керек. Ал бұл мамандық иелері Қазақстан бойынша тапшы екендігі мәлім. Осы олқылықтарды толтыру мақсатында университетіміз батыл қадам жасап синхронды мамандарды даярлауды қолға алып отыр.

Қиын да қызықты аудармашы мамандығын таңдап алған магистранттарды синхронды аударма бағытында даярлау біздің оқытушыларға да жаңа міндеттер жүктейді. Белгілі әдебиеттанушы Т.Әлімқұлов : «Аударма туынды өз деңгейінде болуы — тілдің нәрлілігі, құнарлығы, бейнелілігіне байланысты. Сондықтан да аудармашылар тіл заңдылығын, сөз қолданысын білуі шарт» ,-  деп атқандай, жақсы аудармашы болу үшін магистранттар тіл білімі мен әдебиеттану, философия, мәдениеттану, педагогика т.б. ғылымдармен сусындаулары қажет.

Синхронды аударма жасайтын аудармашылардың тақырыптары да алуан түрлі болады. Жан-жақты білім алған магистранттар болашақта жақсы маман иесі болатындарына да сенімдіміз. Ал синхронды аудармашылар мамандығын ашу кезінде университетіміз көптеген ұйымдастыру шараларын жасады. Атап айтқанда, алдымен білім беретін білікті аудармашы ғалымдарды топтастырды, содан кейін жоғары сапалы техникалық жабдықтар жинақталған лингафонды кабинет ашты. Кабинетте синхронды аударманың қыр-сырын жан-жақты үйрететін кабинкалар қойылған. Онда микрофондар , құлақшындар және дыбыс жазатын, тыңдайтын т.б. жабдықтармен қамтамасыз етілген. Факультет оқытушылары синхронды аудармаға арналған оқулықты да дайындай бастады. Бұл өте керекті, тапшы мамандықты даярлаудың алғышарттары болмақ. Атақты аударматанушы ғалым В.Комиссаровтың: «Халықаралық байланыстардың таралуы, мәдениет, спорт, туризм салаларындағы алмасу, түрлі халықаралық форумдардың, кездесулер мен келіссөздердің өткізілуі аудармалар мен аудармашыларға қажеттіліктің туындауына әкеледі»,- деген пікіріне толықтай қосыла отырып,  болашақта кәсіби білімі жоғары көп тілді синхронды аудармашыларды дайындауда университетіміз жоғары орындарда тұратындығына сенімдіміз.

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің профессоры Қазыбек Гүлмира Құдайбергенқызы

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған