Сәл ғана

күтіңіз

Қазақстан-Түркия бизнес форумы өтті

10 қарашада Стамбұл қаласында Қазақстан Республикасының премьер-министрі Асқар Мамин және Түркия Республикасының вице-президенті Фуат Октайдың қатысуымен Қазақстан-Түркия бизнес форумы өтті, деп хабарлайды Nar.kz ақпараттық-танымдық порталының тілшісі.


Екі елдің ұлттық компаниялары, даму қорлары, сауда палаталарының өкілдері мен бизнесмендер қатысқан шарада 20 келісім-шартқа қол қойылды. Түркия мен Қазақстан арасындағы үкіметаралық экономикалық комиссияның көмегімен жүзеге асқан келіссөздердің нәтижесінде кәсіпкерлік саласына бағытталған 65 іс-шараның жоспары жасалды.

Түркия мен Қазақстандағы іскерлік топтардың байланысын нығайтуды мақсат еткен шарада екі ел арасындағы сауда және инвестиция салаларындағы ынтымақтастық мәселелері кеңінен талқыланған болатын.

«Біздің елдегі сауда көлемі жыл сайын өсіп жатқанын айтқым келеді. Бұл келіссөздер оң нәтижесін береді деген үміттемін. Түркияның алдыңғы қатарлы кәсіпкерлері, іскерлік топтар еліміз үшін маңызды 20 келісімге қол қойғанымызға куә болды.

Рухани астанамыз, дамуды қажет ететін Түркістан қаласына инвестиция тарту біз үшін өте маңызды. Түркістанға қатысты инвесторлар көптеген бизнес бағыттар бойынша жұмыс істеуге қауқарлы екенін байқатты. Бұл келісім екі ел арасындағы ынтымақтастықты арттырып, сауда көлемін ұлғайта отырып, әріптестікті нығайтатыны сөзсіз», – дейді Асқар Мамин.

Форум барысында еліміздің инвестициялық мүмкіндіктері таныстырылып, энергетика, машина жасау, химия, тау-кен металлургия жəне тоқыма өнеркəсібі, ауыл шаруашылығы, инфрақұрылым жəне қаржы салаларындағы ынтымақтастық перспективалары талқыланған болатын.

Іс-шара іскерлік қарым-қатынас пен тікелей байланыс орнату контексінде тиімді платформа ретінде екіжақты сауда-экономикалық қатынасты дамытуға, Қазақстан мен Түркия экономикасына шетелдік инвестиция тартуға ықпал ететін болады. Бұл туралы Түркияның вице-президенті де айтып өткен болатын.

«Бұдан былай Түркия мен Қазақстан екі жақты саудаға көп көңіл бөлетін болады.  Осы бағытта күш-жігерімізді біріктіріп, серіктестігімізді  нығайтатын уақыт келді. Түркияның Қазақстанмен сыртқы сауда көлемі 2018 жылы 18,7 пайызға артап, 2,9 миллиард долларға жетті. Бүгінде Түркияның Қазақстанға экспорты 13,4 пайызға артып, 606 миллион долларды құрады. Ал Қазақстаннан импортталатын тауар 47 пайызға артып, 2,3 миллиард долларға жетті», – дейді Фуат Октай.

Осылайша кездесу екі ел арасындағы жаңа экономикалық дәуірге бастайтын ірі шаралардың біріне айналып, мемлекеттік маңызы бар құжаттарға қол қойылды. Аталған іс-шара Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Асқар Маминнің Қазақстан-Түркия арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссиясының 11-ші отырысы шеңберіндегі Түркияға сапары аясында ұйымдастырылғанын естеріңізге саламыз.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған