Сәл ғана

күтіңіз

Даулетбек Садуақасұлы: Шертпе күйдің шебері

Қазақ музыкасындағы ірі мәдени құбылыстардың бірі – домбыра күйлері болса, бұл салада көрінген халық композиторларының есімдері де аса қомақты.

Күйші атаулы қай күнде болса да, өзінің сезімді, саналы, мәнді күйін тартпас бұрын тыңдаушы жұртқа осы күйді тудырған себеп не еді — соны айтады. Даулетбек Садуақасұлының шығармашылығы және өмірбаяны.

Қаракесек руының ішінде сегіз ата Кәрсөн деген ел бар. Осы елге күйдің қасиеті қонған дейді. Сонау Қыздарбектен бастап Дәулетбекке дейінгі аралықты алар болсақ, жауһардүниелері замана сынынан өтіп, бізге дейін жеткен Сембек, Әбди, Мақаш, Ақмолда, Әбікен, Шырын, деген күйшілер болған. Бұл кісілер Дәулетбек Садуақасұлына рулас-аталас туыс болған. «Таудан асқан тас бұлақ – тасыса құяр теңізге» деген Домбыраны Дәулетбек Садуақасұлы алғаш 4-5 жасында үйренген. Ауылға Анарбек деген жігіт келіп, қонақтап жатып «Қыз Жібек» жырын айтқан екен. Барша ауыл таң атқанша тыңдаудан жалықпайды. Сөзін дұрыс түсіне білмеген жас бала домбыраны тыңдаудан жалықпайды. Кейіннен сол Анарбек жыр-қисса айтып, «ескілікті көкседі» деген айып тағылып, сотталып кеткен. Сондай бір алмағайып замандар болды ғой.

Домбыраға қатты қызыққан Даулетбек Садуақасұлы анасына «домбыра тауып беріңіз. Жездеме айтыңыз домбыра тауып берсін», – деп өтінеді. Айтса бәрі орындалатындай, анасының қолынан келмейтін нәрсе жоқ сияқты болып көрінеді. Ақыры не керек, арманына жетіп, бір домбыраға ие болады. . Содан бастап: «Ана жыршыны қонаққа шақырып, ет, қымыз беріңіз. Маған домбыра үйретсін», -деп шешесінің құлақ етін жейді. Бетіне қарап отқан жалғыз баласының сөзін қайтып жерге қалдырсын. Сөйтіп жыршыны үйіне шақырады. Бірақ ол жыршы күй білмейтін болып шығады. Сол себепті ән үйретеді. Ол кездегі үйреткен әннің аты «Мағауия» екен. Сол әннің әуенін, сосын пернені қалай басуын үйретіпті. Сөйтіп, жас күйші талаптанып жүрген кезінде ауылға Әбдіғали деген жездесі көшіп келеді. Өзі бір керемет күйші болған. Даулетбек Садуақасұлы олкісі қай жерге барып күй тартса сол жерді төңіректеп, маңайынан шықпаған. Сол күйшіден Тәттімбеттің, Қыздарбек, Әбди мен Сембектің біраз күйлерін үйренген.

Даулетбек Садуақасұлы бала кезінен домбыраға құмар болса да, өнердің оқуын тауыса алмаған. Оның оқуы Қыздарбек бастаған керемет күйшілер мектебі. Күйлерді көбіне қариялардан үйренген.

Даулетбек Садуақасұлы кейіннен жиырма жылдай домбыра тартпай кеткен. Сол кездерде шертпе күй ешкімге керексіз болып, мүлдем жетімсіреп қалғандай болып көрінген. «Азынаған қайғылы күй, мұны кім ойлап тапқан?», – деген сөздерді де естіген. Аудан, облыс төңірегінде өтіп жатқан концерттерге өнер көрсетесіңдер деп алып барса да, тура сахнаға шығарда сол жердегі бір білгіштер «шертпе күйдің қажеті жоқ» деген үкім шығарып, қолма-қол концерттерден алып тастаған. «Апыр-ай, бұл не жағдай болды», – деп қынжылып, жердің үстімен барып, астымен қаншама рет қайтқан. Көңіл солай қалып, анда-санда өзі үшін қолына домбыра алғаны болмаса, елдің алдына шықпайтын болған. «Ешкімге керегі де жоқ, несіне әуре боламын», – деген. Ол бір түңіліп кеткен кездер еді.

Қолына қайта домбыра алуына өзінің балдызы Қыздарбекті зерттеп жүрген Кәмел Жүністегі деген азамат себепкер болған. Ол кісі сол арқаның бойындағы ақын-жазушыларды, күйшілер мен жыршыларды зерттегені үшін түрмеге қамалған. Біраз қудалау көрген. Дүлдүл күйшілердің ұмыт бола бастаған күйлерінің біразы осы күнге жетуіне сол кісінің де зор еңбегі тиген. Ол Даулетбек Садуақасұлына: «Шалдардың мұрасын неге жарыққа шығармайсыз? Оларды халыққа танытатын сізден басқа кім қалды? Парызыңызды қашан өтейсіз?», – деп қатты ұялтқан. Кезінде Тәттімбет күйлерінің бәрін білген Даулетбек Садуақасұлы біразын ұмытып, қарайып қалыпты. Біразын еске түсіріпті.

1988 жылы «Ақсу-Аюлы» ән-би ансамблінің құрамында өнер көрсете барғанДаулетбек Садуақасұлы көгілдір экран алдында тұңғыш рет Қыздарбектің «Өткінші», «Мұң қосбасарын», Әбдидің «Тәубә қосбасары» мен «Қосбасарын», Сембектің «Наз қосбасарын» орындап, қазақ музыкасының алтын қорына жаздырады. Осы сапарда Қазақ радиосында болып, Тәттімбеттің «Көкейкесті», «Сарыжайлау» күйлерін, Тоқаның «Сарыжайлауын» таспаға жаздырып қайтады.

1998 жылы Әбікен Хасеновтың туғанына 100 жыл толуына орай Ақадыр кентінде өткізілген республикалық күйшілер сайысына қатысады. Қарапайым ғана тоғыз пернелі домбырасымен шыққан Даулетбек Садуақасұлы бұрын-соңды естілмеген Қыздарбек пен Әбдидің қоңыр күйлерін басқаша иіріммен шертіп, елдің бәрін баулап алады. Күйшінің өнеріне жиналған халық, бағалаған қазылар алқасы да тәнті болады. Бас жүлде бір ауыздан Даулетбек Садуақасұлына берілгенде халық дуылдатып қол шапалақтап жіберген.

2000 жылы Қыздарбектің туғанына 150 жыл толуына орай өткізілген шертпе күй шеберлерінің облыстық байқауы Арқадағы шертпе күй мектебінің дәмді дәстүр, сарқынды салтының жалғасындай болып көпшілік көңілінде қалды. Бұл өнер байқауында да бас жүлдені дәулескер күйші Дәулетбек Сәдуақасұлы иеленді. Өзінен бұрын өткен өнер саңлақтарының өлмес мұрасын кейінгі ұрпаққа жеткізудегіДәулетбек Сәдуақасұлы елеулі еңбегі 2005 жылы тағы жарқ етіп тағы бір биіктен көрінді. Көне заманнан бүгінгі күнге жеткен қасиетті қазақ домбырасының қоңыр үні кең көлемде насихаттауға арналған мемлекеттік деңгейдегі кешенді бағдарлама – «Мәңгілік сарын» дәстүрлі өнер фестиваліне қатысып, арқаның жоғарыда айтылған өнер саңлақтарының күйлерін орындап үнтаспаға жаздырады. Астана қаласының 10 жылдық мерейтойы қарсаңында мәдениет пен өнерге қосқан зор үлесі үшін «Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері» атағына ие болды. Сол тойда Елбасы- ұлт көсемі Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың алдында күй шертіп, өнерімен тәнті етті. Бұл кездері Даулетбек Садуақасұлы сырқаттанып жүрген еді. Сахнаға соңғы рет шыққан кезі осы болды.

Егіз шектен күмбірлете күй төккен, Арқаның күй өнерін биікке көтерген дәулескер күйші Дәулетбек Сәдуақасұлы өзі де бірнеше күй шығарған. Ендеше жанынан шыққанкүйлері:

Толғау I – түрі.

Толғау II – түрі.

        Қуаныш.

       Аралбай баба.

Анаға арнау.

Даулетбек Садуақасұлы осы күйлерден де басқа күйлері болған екен. Сол жиырма жылдай домбыра ұстамаған уақытында көп күйлер ұмыт болған.

Сөз соңында айтарымыз, халқымыздың күйшілік өнері сияқты ұланғайыр төл мәдениетімізді барынша зерттеп, жинап, насихаттау жұмысы – қазіргі кезде бәрімізге сын. Сондықтан, өнерімізді ықтияттылықпен зерделеп, келешек ұрпаққа аманат қып тапсыру – келелі істің бірі бола бермек.

«Мәдениеттану» мамандығының 2-курс магистранты Жанбобеков.С

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған