Сәл ғана

күтіңіз

Стамбұлдағы қоғамдық көліктер

Стамбұл Түркияның ірі қалаларының бірі. Шаһарда 14 миллионнан аса халық өмір сүреді. Оған қоса, әлемнің әр бұрышынан ағылатын туристердің санында шектеу жоқ. Бүгін біз Еуропа мен Азияны жалғап жатқан алып мегополистегі қоғамдық көліктер жайлы айтатын боламыз. Стамбұлға саяхаттайтын болсаңыз, біздің кеңестерді ұмытпағаныңыз жөн.

Метро

Стамбұл метросының 4 бағыты бар. Олар М1, М2, М3,М4 деп белгіленеді. Қоғамдық көліктің 3 бағыты Стамбұлдың Еуропа бөлігінде қозғалса, Азия бөлігінде бір ғана метро жолы бар.

М1 – Ататүрік әуежайы және Yenikapy бағытында қозғалады. Бұл арнайы туристер қолданатын бағыт болып саналады. Ал М2,М3 жасыл және көк метро жолағы жергілікті тұрғындар үшін қолайлы болып есептеледі. Бұл бағыт арқылы қала аудандардан орталыққа дейін жетуге болады. Төртінші бағыт – М4. Метроның дәл осы жолы Азия бөлігіндегі аудандарды танымал Қадыкөй орталығымен жалғайды.

Стамбұл метросы таңғы сағат 6:00-ден түнгі 24:00-ге дейін жұмыс жасап, адамдарды қажетті орнына жеткізіп отырады.

Трамвай

    Метро секілді Стамбұл трамвайлары да 4 бағыт бойынша қозғалады. Олардың ішіндегі ең жылдамы Т1 19 км қашықтықты жүріп өтіп, қаладағы тарихи орындардың көбіне баруға мүмкіндік береді. Ол Ақсарай, Зейтүнбұрыны, Сұлтанахмет, Лалели сынды танымал аудандарды басып өтеді. Ал екінші Т2 трамвайы ең көне көлік болып саналады. Ол тарихи Истикляль көшесінің бойымен қозғалып, Таксим ауданы арқылы жүреді. Сонымен қатар, Қадыкөй трамвайы да туристер үшін қызық болу мүмкін. Өйткені ол да Стамбұлдағы ескі қозғалыс құралы. Азия бөлігін толық шарлайтын бұл трамвай 14 сағат бойы қызмет көрсетеді. Ал ең соңғы бағыт бойынша әдетте қаланың жергілікті тұрғындары қатынайды.

Автобус

Егер саяхаттауға уақытыңыз көп болса, автобус қолдануға болады. Ең қолайлысы, автобус ақысын қолма-қол төлей аласыз. Дегенмен, қала өте үлкен болғандықтан, автобус кептелісте қалып қалуы мүмкін. Стамбұлда кептеліс 1-2 сағатқа созылатынын ескеріңіз. Сол себепті, автобусқа отырар кезде абай болғаныңыз жөн. Өйткені уақытыңызды жоғалтып алуыңыз әбден мүмкін.

Метробус

Стамбұлдың бір ерекшелігі жылдам жүретін метробус деп аталатын арнайы қозғалыс құралы бар. Ол кептеліске мән бермейді. Өйткені метробус үшін арнайы жол қарастырылған. Ұзын автобустар арнайы жол арқылы жолаушыларды тасымалдап, қажет жеріңе өте жылдам жеткізеді. Сәйкесінше метро, трамвайға қарағанда жедел метробустардың бағасы 1-2 түрік лирасына қымбаттау болып келеді.

Су көлігі

Бұл қаладағы көлік қозғалысының ең арзан әрі танымал түрі су көлігі болып табылады. Стамбұлды теңіз екіге бөліп тұрғандықтан, кемелер мен паромдар, вапур және теңіз автобустары арқылы қаланың бір басынан екінші басына қатынай аласыз. Су жолының арнайы бағыттары да қарастырылған.

Қоғамдық көлікте төлем жасау

Стамбұлға келген турист қоғамдық көлікті қолдану үшін арнайы Istanbulkart деп аталатын жүргінші картасы болуы керек. Оны сіз арнайы терминалдардан немесе дүңгіршектерден сатып ала аласыз. Шетелден келген саяхатшылар үшін карта бағасы 6 түрік лирасын құрайды. Istanbulkart жарамдылық мерзімі 2 жыл. Картаны толытру үшін арнайы автоматтар қолданылады.

Оған қоса, қаладағы қозғалыс үшін арнайы жетондарды да қолдануға болады. Дегенмен, оның бағасы әлдеқайда қымбат. Бір жетон 4 лира тұрады. Оны сіз тек бір ғана қоғамдық көлікке қолдана аласыз. Стамбұлдағы көптеген қоғамдық көліктер қолма-қол ақша қабылдамайды. Сол себепті өзіңізге қолайлы төлеу жүйесін таңдағаныңыз абзал.

Дана РУСЛАНҚЫЗЫ

Nar.kz

2 thoughts on “Стамбұлдағы қоғамдық көліктер

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған