Сәл ғана

күтіңіз

Мәдениеттанудың негізі қайда жатыр?

XXI ғасыр-адамзат баласы тарихындағы ең жарқын кезең әрі ең күрделі де қиын кезең. Орын алып жатқан әр салалы оқиғалар, факторлар және іс-әрекеттер қоғамның сан түрлі өзгерістер мен жаңашылдық сипатқа итермелеуде. Мәдениет- адамзаттың  өзі-өзі үшін қалыптастырған ең үлкен өмірлік саланың бірі әрі бірегейі.

Алғаш тастан құрал жасап, үңгірді пана еткен тұстан – бүгінгі виджеттермен қозғалып, Марстағы өмірдің болуы туралы ойлар арасында дәл сол мәдениеттің рөлі мен орны маңызды. Адамды адам қылған – еңбек дер болсақ, оның түбінде сапалы әрі мәнді өмірге деген құлшынысты шыңдайтын – мәдениет жатыр деп топшылауға әбден болар. Ғылыми  тұрғыда мәдениеттің 500-ден аса мағынасы, тіпті одан көп болса да таңқалмастығымыз анық. Тұлға, отбасы, қоғам, ұлт, мемлекет және тұтас әлем мәдениеті түрлерінің болуы – оның аса кең масштабқа ие екендігінің дәлелі. Тұлғаның тұлғалығы- өзіндік оң ойлары-істері  мен білімінің дәрежесі, отбасы- белгілі бір құндылықтар мен адамгершілік қағидалары, қоғам – ортақ мәнділікке ие басты ережелер, ұлт-тарихпен біте қайнасқан менталитет пен тәрбие  , мемлекет –жарқын болашаққа деген сенімге негізделген патриоттылық әрекеттер, бастысы әлемдік- ортақ адамзаттық өмір сүру дағдысы мен әркімге деген құрмет формалары бар. Аталмыш аспектілер мен факторлардың түбінде тағыда сол мәдениеттің көріністері қылаң берері анық. Яғни, адам дүниеге келгеннен бастап ол өзіндік биологиялық тіршілігін тоқтатқанға дейін , оның өмірінде мәдениет бірден-бір басты мәнге ие фактор болатыны түсінікті  деп санаймын.

Мәдениетті ғылыми тұрғыдан зерттеп-зерделеп, ашығын айшықтап, ағы мен қарасын сараптайтын ғылым саласы-мәдениеттану деген атауға ие. Әлемдік, ұлттық мәдениет тарихы мен сипатын сараптап, болжалдық – аналитикалық ерекшелікке мән беру, сондай-ақ саяси тұстарын бағамдау, басқаша айтқанда мәдени саясат ережелерін қалыптастыру, философиялық мәнге ие ежелгі, орта және жаңа, бүгінгі заман ғалымдарының саналық-ойлық жақтарын бағалау, психологиялық тұрғыдан жеке тұлға мәдениетінің қалыптасу заңдылықтарын қарастыру, әлеуметтік жағынан қоғам топтарының ерекшеліктеріне сай мәдениет феноменінің ондағы рөлін анықтау , тағы бір маңызды бөлім- экономикалық тұсы. Өркениет көріністері мен табиғи, тарихи-мәдени ескерткіштер көптеген елдер экономикасының маңызды бөлшегі болғалы қашан, ол-туризм, яғни, мәдениеттің маркетингтік-менеджерлік және финанстық әлеуеті өте жоғары. Мәдениет- аса кең мемлекетішілік интеграция процестері мен ортақ идеологияға басты құрал болып табылады.  Бұл тек бір сыпырасы екенін айта кеткен жөн. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, философия және саясаттану факультеті, дінтану және мәдениеттану кафедрасы – аталмыш мамандық иелерін дайындайтын бірден-бір озық базалық жүйеге ие.

Жасырары жоқ, бүгінгі таңда әртүрлі қоғамдық, діни, мәдени-әлеуметтік және ұлт-этносаралық әртүрлі кикілжіңдер орын алып жатқандығы рас, дәл осы кезде халықты әрі мемлекетті аталмыш орынды-орынсыз текетірестерден сақтандыру және алдын-алу мақсатында мәдениеттің орны ерек. Дәлірек айтқанда, нақ Қазақ мемлекетінің жарқын болашағы үшін бұл өте маңызды. Қазақстан-көп этносты мемлекет. Осы арада, барлығына тегіс әрі ортақ идеологияның озық формалары қажет,  мәселен,  ортақ Отанға деген патриоттылық тәрбиені жолға қою. Оның негізінде, қазақ ұлты доминатты, жергілікті ұлт болғандықтан тіл, мәдениет, тарих сынды мемлекет үшін маңызды салаларды дамыту. Сондай-ақ, білім жолын жақсарту мақсатында, яғни, патриоттылық тәрбиені бастаушы ретінде мектептерден бастап ортақ Отанның болашағына деген жанашырлық сезімді оятып, нығайтатын пәндер енгізу, тегін қазақ тілі курстарын енгізу, тарихи тағылым мәселелерін дамыту сынды ұсыныстар бар. Кез-келген мемлекеттің дамуы мен өркендеуі үшін- ішкі тұрақтылық маңызды. Мемлекет ішінде интеграциялық шаралар ұйымдастыру өте маңызды. Өнер саласында нақ өнер иелерін ғана халыққа шығарып мәдени  идеологияны реттеу, жас ұрпақ санасына ұлттық-патриоттылық тәрбиені енгізу мәселелрі жатыр.

Мемлекеттің болашағы үшін маңызды мәселелерді қарастырып, аналитикалық әрі футуристік көзқарастар мен теорияларды қарастырып, талдап, практикалық тұрғыда жүзеге асыру – мәдениеттанушының мақсаты.

Біздің мамандық пен мақсатымыз жайында ақпарат бере алдым деп бағамдаймын, дейтұрғанымен де , мәдениет феноменін түсіндіру аса күрделі, тіпті, онсыз қоғамды қоғам, адамды адам деп санау орынсыз, адамды адам еткен – еңбек десек, қоғамды қоғам, мемлекетті мемлекет еткен – мәдениет. Осындай күрделі де сол уақытта қызық мамандықтың қыр-сырын танып білу- қызық екені жасырын емес.

«Мәдениеттану» мамандығының 1 курс магистранты  Осербаев Елдос

Жетекшісі: ФжСф, Филос.ғд, Дінтану және мәдениеттану кафедрасының профессоры Ғабитов Т.Х

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған