Сәл ғана

күтіңіз

Мәдениет дегеніміз не?

Адам баласы өмірінің ең басты мақсаты –  мәдениет ұстындарына сүйеніп, өзінің бойындағы қасиетті дәйекті де тұғырлы етіп тәрбиелеп, жүзеге асыру. Өйткені мәдениеттің өзі өмірдің тиянақтылығын, дәйектілігін, мәнділігін, табандылығын, тұрақтылығын қамтамасыз ететін институт болып табылады.

Мәдениет – бұл өте күрделі, көп деңгейлі жүйе.  Әрбір мәдениет этносқа, халыққа қатысты болады, ұлттық болып табылады. «Мәдениет» ұғымы алғашында «жоғары» деңгей деген мағынаға ие болған. Бірте келе XIX ғасырдың екінші жартысынан кейін «мәдениет» ұғымы біртіндеп ғылыми категория мәртебесіне ие бола бастады. Сөйтіп, Ағартушылық кезеңіндегі мәдениеттің қоғам дамуындағы «жоғары» деңгейі деген мағынасы өз құндылығын жоя бастады. «Мәдениет» біртіндеп өркениет, қоғамдық-экономикалық формация, жаһанды аймақтандыру  категорияларымен тоғыса бастады.

Мәдениет туралы ХХ ғасыр гуманисі Альберт Швейцер былай деген: «Мәдениет дегеніміз адам баласының және бүкіл адамзаттың алға қарыштауының жиынтығы, ал бұл қарыштау индивидтің рухани жетілуіне ықпал тигізуі тиіс. Өйтпеген жағдайда, бұл қарыштау мәдениетке апармайды»      (Швейцер А. Культура и этика. – М.: Прогресс, 1973. – 103 б.).  Яғни, бұл алға қарыштау деген адам баласының рухани жетілуінің белгісі болып табылады және солай болуы тиіс. Алға қарыштау дегеніміз тек ғылыми техникалық прогресс емес, керісінше, рухани дүниенің, қазынаның, құндылықтың, болмыстың өркендеуі болуы керек

Біз мәдениетті нақты екі түрге бөлеміз. Адам қызметінің алуан түрін есепке алу осылай бөлуге негіз бола алады. Осыдан материалдық және рухани мәдениет бөлініп шығады. Материалдық мәдениет ең алдымен материалдық өндіріс сферасы мен оның өнімдері – техниканы, технологияны, байланыс және коммуникация құралдарын, өндірістік ғимараттар мен үймереттерді,  жолдар мен көлікті, тұрғын үйді, тұрмыстық заттар мен киімді қамтиды.

Рухани мәдениет рухани өндіріс саласынан және оның нәтижелері – дін,  философия,  мораль,  өнер, ғылымнан құралады.  Рухани мәдениеттің ішінен көбінесе өнер мен ғылым туындыларынан құралатын көркем мәдениетті арнайы бөліп көрсетеді. Ғылым, өз кезегінде, зерделік, ғылыми-техникалық мәдениет негіздері ретінде қарастырылады.

Осы материалдық және рухани мәдениет арасында терең бірлік бар деп айта аламыз. Өйткені олардың екеуіде адам қызметінің нәтижесі болып табылады, оның бастауында  рухани  басы  –  адамның материалдық формаға айналдыратын идеясы, жобалары, ойлары тұр. Алайда материалдық және рухани мәдениетке бөлу көбінесе шартты түрде болады,  өйткені шынайы өмірде олар тығыз байланысты, бір-бірімен сіңісіп, толығып тұрады.

Ал өзіміздің Қазақ мәдениетіне үлкен үлес қосқан қазақтың біртуар азаматтарына тоқтала кетейік. Қазақ мәдениетіне үлкен үлесін қосқан алғашқы ғалымдарының бірі- Шоқан Шыңғысұлы Уәлиханов еді. Ол орыстың әскери мектебінің түлегі. Алайда, Шоқанды қазақ даласында орыстандыру саясатын жүргізуші деп  бағалау үстірт болады. Арғы атасы Абылайды пір тұтқан Шоқан өз халқының мәдениетін жоғарғы деңгейде көтеруге тырысты. Бұған негізгі құрал оның ағартушылық әрекеті болатын.

Қазақ мәдениетінің кемелденуіне үлкен үлес қосқан тағы бір тұлға – Ыбырай Алтынсарин. Ыбырай халық ағарту ісінің практикалық және дидактикалық мәселелерін шешуге тікелей ат салысқан еді. Ол алғашқы педогогикалық оқулық «Қазақ хрестоматиясын» және қазақ балаларына орыс тілін үйретуге  арналған оқу құралдарын жазды. Сонымен бірге Ыбырай қазақтың әдеби тілінің негізін салушылардың бірі және халықтың ауыз-әдебиетінің, әдет-ғұрпын зерттеуші ретінде белгілі болды. Ыбырай өз қызметі мен шығармашылығында нағыз ағартушы бейнесінде көрінеді.

Ал қазіргі қазақтың рухани мәдениетінің негізін салушы – ұлы философ-ақын Абай Құнанбаев. Қазақ мәдениетінің ғасырлар бойы калыптасуында осы үдеріске сыншыл көзбен қарап, оны ақыл және жүрек таразысынан өткізетін тұлға тым қажет болған еді. Абай, міне осындай тұлға болды. Абай өз шығармашылығында қазақ елінің белгілі тарихи түйыққа тіреліп (бодандыққа түсіп), одан қалай шығуды білмей, болашағы туралы күдіктенген жағдайын суреттеді. Осындай шым-шытыранда ғұлама ақын таза уайым мен зарлау дәстүрінен арылып, халық өмірінің кем-кетігіне ашық көзбен қарап, оны емдеудің жолдарын көрсете білді.

Екі ғасыр арасында қазақтың ұлттық санасының оянуына үлкен әсер еткен тұлғаның бірі – Әлихан Бөкейханов еді. Ол қазақ хандарының тікелей ұрпағы, ұлт-азаттық қозғалыстың жетекшісі, қазақтың алғашқы саяси партиясының басшысы, қазақтың бірінші ұлттық үкіметі — Алашорданың көсемі еді. Әлихан Бөкейханов сан қырлы қоғамдық қызметтерімен бірге қазақтың рухани мәдениетін алғашқы зерттеушілердің қатарында танымал болды. Ол Абайдың шығармашылығы туралы тұңғыш мақаланы жариялады және де қазақ эпосы мен фольклоры жөнінде әлі күнге дейін ғалымдарды өзінің ой тереңдігімен таң қалдыратын еңбектер жазып қалдырды.

Қазақтың рухани мәдениеті мен менталитетінде өшпес із қалдырған алып тұлғаның бірі – Шәкәрім Құдайбердіұлы. Оның шығармашылығының негізгі тақырыбы мораль философиясы мен мәдениет ілімін қамтиды. Шәкәрім Абайдың немере інісі және ұлы ақынның мұрасына сүйенген. Ол арнайы оқу орнында оқымаса да, араб, парсы, орыс, шағатай тілдерін өз бетімен үйреніп, сол тілдердегі шығармалардан дала ойшылы тұрғысынан ой қорытқан.

Міне осындай біртуар алып тұлғаларымыздың арқасында мәдениетіміз сақталып, өркендеп келеді.

Бүгінгі заман – мәдениеттердің жаһандану кезеңі. Жаңа сапаға көшер алдындағы, яғни, өз дамуының ең биік сатысы – біртұтас адамзаттық өркениеттке құйылар алдындағы қарбалас шағы. Жаһандану – өркениеттің кезекті даму сатысы. Қазіргі әлемдік мәдениет пен өркениетте ерекше ықпал тигізіп отырған жаһандану-өмірдің барлық салаларын қамтып отырған күрделі процесс. Ол дүниежүзілік адамзат қоғамының даму заңдылықтарын айқындайтын факторлардың бірі ретінді қоғамда тіл мен дінімізге, рухани кеңістігімізге әсер етеді.

Жанбобеков С.Р

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған