Сәл ғана

күтіңіз

Жетенбаев Нұрсұлтан: Өздігінен ота жасайтын құлтемір қызықтырды

Физика, робототехника салалары елімізде күннен-күнге қарқынды даму үстінде. Бұл бағытта жастардың еңбегі зор. Солардың бірі Қаныш Сәтбаев атындағы зерттеу университететінің 1-курс докторанты Жетенбаев Нұрсұлтанмен болған сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз.

Таңдауыңыз неліктен физикаға түсті? Қазіргі жастардың көбі бұл пәнді грант үшін таңдайды. Сіз де физиканы мемлекеттік грант үшін таңдадыңыз ба?

Жоқ. Мен бакалаврда аспап жасау мамандығын бітірдім. Менде мүлдем грантқа түсейінші деген ой болмады. ҰБТ-дан 92 балл алдым. Бірақ грантқа түсе алмадым. Содан кейін ақылы оқуға АГУ-ге түстім. 2016-жылы магистратураға физика мамандығына тапсырдым. Мұғалім болып, жастарға техникалық пәндердің қажет екенін түсіндіріп, физиканың қыр-сырын үйреткім келді.

Физика мен робототехника – егіз ұғым. Физика саласынан бионикаға ауысқан екенсіз. Бионика несімен қызықтырды?

Бионика саласы мен робототехника саласын байланыстырған Италия жерінде табылған құлтемір еді. Ол өздігінен ота жасайтын робот болды. Бірақ ол құрылғы біраз адамды өлтіріп алған. Жағымды жағы бұл робот 8-9 сағатқа ұзаратын операцияларды еш қиындықсыз өткізген. Бионикаға қызығушылығымды бұру арқылы мүгедек болып туылған балалар мен мүгедек адамдарға физикалық тұрғыда көмектескім келді. Яғни олардың отырып, тұруын жеңілдететін құрылғы ойлап табу, оны қолданысқа енгізу – қазіргі мақсатым болып табылады.

«Қара жолақты» робот туралы айта кетсеңіз. Бұл роботтың басқалардан қандай айырмашылығы бар?

Бұл жалғыз менің емес, бірнеше адамның бірігуімен істелген робот еді. Ол қара жолақтың бойымен ғана жүреді. Оның биіктігі 70 см, көлемі 50 см болып табылады.

Роботтың құрылымына тоқталсаңыз. Бұл роботты жасауда қандай құралдарды пайдаландыңыздар?

Робот үйде отопление жүргізетін пластмасадан жасалды. Аяқтарына арнайы дөңгелектер орналастырылды. Сол дөңгелектердің үстіңгі бөлігіне датчиктер қойылды. Соның барлығын арнайы программаға түсірдік. Робот-машинаның алдына бір маңызды датчик жайғастырдық. Ол жолды іздеушінің қызметін атқарды.

Робот жасаудың пайдасы мен зиянын айта кетсеңіз.

Қазақстандағы роботтар тек сайысқа қатысатын кезде ғана жасалады. Яғни жүлде алу үшін ғана белгілі материалдардың көмегімен робот құрастырылады. Ал сайыс біткеннен кейін роботты өңдеу, қолданысқа енгізу деген ұғымдар мүлдем ұмытылады. Қазақстандық роботтардың көбісі бір күндік. Робот жасау барысында қаржылық қиындықтар көп болады.

Жастардың физика, робототехника, бионика салаларын дамытатынына сенесіз бе?

Иә, әрине сенемін. Бүгінгі күнде жастардың жағдайы жасалған. Оларда ізденемін десе ғаламтор бар. Тіпті олардың шет мемлекеттерде білім алуларына да болады. Алда техниканың заманы келеді. Ал біздің жастар бұл заманға дайын болуы керек. Оған тек ізденіс пен еңбектенудің арқасында ғана жетеміз.

Дайындаған: Ақмарал БЕРЕКЕТОВА

NAR.KZ

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған