Сәл ғана

күтіңіз

«Ана мен бала» форумы өтті

Алматыда ҚР Денсаулық сақтау министрлігі және Акушерлік, гинекология және перинаталогия ғылыми орталығының ұйымдастыруымен «Ана мен бала» халықаралық форумы өтуде. Екі күнге созылатын маңызды жиынға шетелдік және отандық делегаттар, акушерлік саланың сарапшы мамандары шақырылған, деп хабарлайды Nar.kz тілшісі.

Форумда медициналық-әлеуметтік жәрдемді ұйымдастыру, ана мен нәресте өлімін азайту, жүктілік мәселелері және отбасы денсаулығының клиникалық аспектілері қарастырылады. Сондай-ақ форум аясында акушерлік, гинекология және перинатология бойынша медицинадағы жаңа құрал-жабдықтар, дәрілік препараттар көрмесі өтуде.

Форум жұмысы ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың құттықтау сөзімен ашылды. Министр Елбасы Н.Назарбаевтың тапсырмасымен елімізде ана мен бала денсаулығына жіті мән беріліп отырғанын атап өтті. Кез келген мемлекет үшін өз азаматтарының денсаулығы – маңызды әлеуметтік міндет, ұлтық қауіпсіздікті сақтаудың бір факторы. Сол себепті Алматыда өтіп отырған «Ана мен бала» халықаралық форумы медициналық қауымдастықтың үлкен қызығушылығын тудырып отыр. Форум барысында белгілі дәрігерлер және жас мамандар ана мен баланы қорғаудың ұлттық моделі жөнінде сөз қозғап, акушерлік, гинекология және перинатология саласындағы өзекті ғылыми мәселелерді талқылайды.

Әрбір мемлекеттің басты байлығы – адам. Бұл Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының басты қағидасының бірі. Елдің демографиялық көрсеткіші тұрғындардың физикалық, ақыл-ой және әлеуметтік ахуалына тікелей тәуелді. Өкінішке қарай, соңғы жылдары онкологиялық ауру түрлерінің жасаруы, инфекциялық аурулардың өсімі байқалып отыр. Бұл проблемалар ерлер мен әйелдердің репродуктивтік денсаулығына теріс ықпал етеді. Бұған қолайсыз экология, өндірістің зиянды факторлары қосылуда. Соның салдарынан бедеулік, жүктіліктің соңына дейін жетпеуі, қабыну ауруларының деңгейі өскені тіркеліп отыр. Міне, аталмыш форумда осы және басқа да өзекті мәселелер кеңінен қозғалып, оларды шешу жолдары ұсынылмақ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған