Сәл ғана

күтіңіз

«Идея бәрінен де маңызды»

Алмас Маратұлы – Limon.kz туристік компаниясының негізі салушы. Қазіргі таңда жастардың арасында танымал ішкі туризмді дамытуға арналған сапарлар ұйымдастыратын агенттіктің қыр-сырын білмекші болып Алмасты әңгімеге тарттық.

«Жарты жылда көп нәтижеге қол жеткіздік»

Қазақ Ұлттық Университетінде студенттер сенаты деген ұйымды басқардым. Сол уақыттарда студенттермен жұмыс барысында оларға табиғат аясында тимбилдинг, эстафетта, мастер-класстар жиі ұйымдастыратынбыз. Ол кезде қаржы болған жоқ, ұйымның игерілуі тиіс ақшасын ғана пайдалануға мүмкіндік болатын. Осындай шаралар ұйымдастырып жүріп тәжірибе жинап, 18 ақпанда ғашықтар күніне орай, бір тың дүние жасағымыз келді. Дата ретінде ескере отырып, жастар арасында кең танылған Көк жайлауға жұптарға арналған тур ұйымдастыратын болдық. Жұбыңмен бірге 3000 теңге деп бәріне ыңғайлы бағаны айттық. Сөйтіп алғашқы сапарымызға 52 адам жиналып, ішіне апарып алып келу,  профессионалды сурет, шоу бағдарлама енгіздік. Ол уақыта тур фирма болып кетеміз деп ойлаған жоқпыз. Осыдан кейін, студенттерге арналған Шарын шатқалына саяхат ұйымдастырдық. Сөйтіп, адамдарды тасып жүрміз, ол өте қауіпті, жауапкершілік алуымыз керек деген ойға келіп, ЖШС ашып, қызметімізді заңды түрде бекіттік. Міне туризм саласында «Limon» деген компания құрып,  қызмет атқарып келе жатқанымызға үш жылдан асты. Әр саяхат сайын жаңа дүниелерді ашып отырдық. Туристік лицензиямызды алдық, артынша сақтандыру келісімшартын жасадық, қымет түрін жақсарттық. Бастапқыда тек шарын шатқалына ғана сапарлар ұйымдастырдық. Артынша құжаттарымыз дұрысталып, табыс таба бастағаннан  кейін, әуелі өзіміз қажетті жерлерді аралап, көріп, біліп қайттық. Артынша біртіндеп әртүрлі бағыттарды қосып жатармыз. Жарты жылда көп нәтижеге қол жеткізіп, бюджетімізді қалыптастырып үлгердік.

Ең бірінші «505» деп атадық. Өйткені жатақханада 505 бөлмеде тұратын едім. Екінші атауы «Limoncomeon» болды. Біз үшінші «Limon.kz» атауына тоқтағанды жөн көрдік. Мағынасы «Lim» – шексіздік, «on» – қосу деген ұғымды береді.

«Бәсекелестік арқылы шыңдалдық»

Біз үш жарым жыл бұрын құрылған кезде нарықта ешкім болған жоқ. Нарық бос болды. Біз рахаттанып бізбен саяхаттайтын адамдардың көптігін көріп қуанып жүрдік. Ол уақыттары бізде жүйе болмады, еркіндік басымырақ еді. Алайда, әлеуметтік желілерде қайта-қайта жарнама бере бергендіктен бәсекелестеріміз пайда бола бастады. Біз үшін бұл үлкен сабақ болып, қызметімізді жақсарта түстік. Кәдімгідей жарыса бастадық. Дегенмен бүгінде біз ішкі туризммен айналысатын компананиялардың үздік үштігін толықтырамыз. Өйткені біз 10-15 жыл бойы жұмыс істеп келе жатқан агенттіктердің жүйесін бұздық, жаңа серпін алып келдік. Мәселен оларда гид ретінде 55-60 жас аралығында зейнет жасына жеткен адамдар қызмет көрсететін.  Ол ешкімге қызық емес, өйткені бұндай сапарлар мейлінше көңілді өтуі тиіс. Біз барынша сапамызды жақсартып, жаңа қызмет түрін ұсына жүріп жастық максимализімнің арқасында жетістікке жеттік.

«Қызығушылықтан кәспкерлікке»

Негізі қызығушылықты кәсіпке айналдыру өте керемет дүние. Өйткені саған біреу айтқанды емес, өзіңнің қалаған нәрсеңді жасайсың. Жасап жатқан жұмыстан рахат ала отырып, қаржы табуға не жетсін. Демек, сенде бұл істі дамытуға құлшыныс жоғары болады.

Мен бизнесте кеңес беретін кітаптарды оқығанды ұнатпаймын. Өйткені әркмінің өз бағыты, өз жолы бар. Жіберетін қателігі де ұтатын тұсы да сан түрлі. Бірақ, бұл мүлдем ақпарат алмаймын, ақпаратты қажет етпеймін деген сөз емес. Біз туризмді дамытуды қолға алғаннан кейін, әуелі өзімізді жетілдіруді жөн деп санаймыз. Біздің істе ең дұрысы бір рет қателік жасап, екінші мәрте қайталамау. Егер жағдай қайталанса қателік емес, сенің таңдауың болады. Үш жыл уақыт өтіп бір жүйеге негізделіп жұмыс жасасақ та, проблемасыз болмайды. Өйткені біз адамдарға, техникаға оған қоса ауа-райына тәуелдіміз. Бірақ, ешнәрседен қорқақтамай ойыңа келген нәрсені бастап кету керек. Қателескеннен қорықпаған жөн.

«Идеяны өлтіріп алмау керек»

Бизнес ретінде сыртқы туризм тиімді. Бірақ, біздің командада ақшаға тәуелді адамдар жоқ. Біз идеямыз үшін жүрген жандармыз. Бізідің мақсатымыз жастар 4000 теңгеге клубқа барғанша, сол ақшаға еліміздің ерекше жерін көріп білсе екен дейміз. Ішкі туризм әлеуметтік мәселелерді, денсаулық жағдайын шешуге ықпал етеді. Идея бәрінен де маңызды деген механизіммен қызмет атқарамыз. Ең қиыны ол бірден ақша алып келмейді, қаржы табуға  жеткен кезде ғана сен рахатын аласың. Көп адамдар жарты жолда қиындыққа шыдамай қалып кетеді.

«Қызмет көрсету деңгейі артты»

Қазір ішкі туризмге қызығатындардың саны өте көп,  кәдімгідей қызығасың.  Өйткені қазір мемлекеттік бағдарламалар, жол карталары бар. Бұлардың барлығы тиімді жұмыс жасауда. Мысалы инфроқұрылым. Баратын маршруттардың барлығына демей-ақ қояйын. Бірақ көбіне жолдар салынып жатыр. Бұрындары Ұлттық Парктерде қарапайым әжетханалар болмайтын. Сұраныс артқан сайын жағдай да жасалып жатыр. Бірақ біз шетелден біраз артта қалып қалдық. Ол қызмет көрсету сапасы жағынан. Мысалы,  автобус жалға беремін деген жерде жазылған екі нөмердің біреуі міндетті түрде өшіп тұрады. Бұл қызмет көрсету деңгейінің көрсеткіші.

«Тұтынушыны бірден танимыз»

Біз тұтынушының жасын, жынысын, қай жерде жұмыс істейтінін, олардың  неге қызығатынын білеміз. Өйткені бизнесте ең керек нәрсе тұтынушының түрін білу. Лимонды таңдайтын адамдардың жас ерекшелігі 18-34 жас аралығын құрайды. Оның 70 пайызы қыздар. Өйткені бір қыздың барып, суретке түскен жеріне екенші бір танысы міндетті түрде барып көргісі келеді екен. Оған қоса офис қызметкерлерінің легі көп. Олар бес күн бойы төрт қабырғада қамалып отырады да демалыстарын белсенді түрде өткізгісі келеді.

«11 бағыттағы картамыз бар»

Қазір бізде 11 маршрут бар. Жылда бір екі бағыт қосатынбыз. Биыл дәстүрді бұздық. Өйткені бұл маршруттарды толық игеруге әлі күшіміз жетпей жатыр. Сұраныс бар, уақыт жетпейді. Өйткені компания, жұмыскерлер, техника көтере алмайды. Бүгінде Түркістан,  Көлсай Қайыңды, Шарын шатқалы, Айғай құм, Ақтау таулары, Алакөл, Есік көлі, Түрген сарқырамасы, Үлкен алматы, Таңбалы тастар, Көшпенділер қаласына бағыт түзеудеміз. Сонымен қатар, айына бір рет үлкен көлемде концерт  ұйымдастыруды жөн санадық. Жуырда көшпенділер қаласында ашық аспан астында Дархан Джуздың 500 адамға арналған концерты болды.  Сол секілді алдағы уақытта ерекше жобаларымызбен тұтынушыларымызды таңғалдырмақпыз.

«Жеңілдіктер қарастырылған»

11 бағытымыз болса соның 8 бағытына барған тұрақты тұтынушыларымызға пайыздық жеңілдіктер қарастырамыз. Оған қоса сапар барысында сертификаттар, ұтысқа арналған сыйлықтар табыстаймыз.

«Серіктестіктің ерекше түрін қолданамыз»

Әртүрлі ұлттық парктермен, автокөлік компанияларымен серкітеспіз. Көбіне бартерлық қызмет түрін ұйымдастырамыз. Мәселен бізге бір фотограф керек болса, ол адамды тегін саяхатқа апарамыз, ол бізге тегін суреттер түсіреді, және сол арқылы өзіне тұтынушы жинайды.

Дайындаған: Дана РУСЛАНҚЫЗЫ

NAR.KZ

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған