Сәл ғана

күтіңіз

«Балуан Шолақ» фильмінің тұсаукесері өтті.

Нұр-Сұлтан қаласында «Балуан Шолақ» фильмінің премьерасы өтті деп хабарлайды nar.kz  тілшісі.

Тұсаукесерге еліміздің беделді тұлғалары, қоғам қайраткерлері келді. Мəдениет жəне спорт министрлігінің тапсырмасы бойынша Қазақфильм түсірген көркем туынды қазақ халқының батыр да қайсар тұлғасы Балуан Шолақ туралы баяндайды.

Есімі шартарапқа жайылған қазақтың батыры Балуан Шолақ жауырыны жерге тимеген палуан, ауыр салмақ көтеріп өнер көрсеткен алып күш иесі, ат құлағында ойнаған өнерпаз болған. Сонымен қатар, адуынды ақын, ғаламат əнші-сазгер. Бір басында осыншама өнер түрі бар сегіз қырлы, бір сырлы азаматтың нағыз ерлігін фильм арқылы көрсеткен, фильмнің сценаристі Дулат Исабеков премьерада халыққа өзінің жылы лебізін білдіреді.

«Фильм бірінші Алматыда көрсетілді. Халық жылы қабылдап жатыр. «Балуан Шолақтың» пьеса түріндегі нұсқасы да көптің көңілінен шыққан еді. Жақсы шығарма туылуы мүмкін, бірақ оның жарыққа шығуы қиын. Оны көрсете білетін азамат, қолдайтын мемлекет керек. Осы жағынан қасымда тұрған Арыстанбек ініме алғыс айтамын. Батыр деген кім? Оның жүрегінің батырлығы, білектің, найзаның батырлығы қандай? Міне, «Балуан Шолақ» фильміндегі негізгі мақсат осындай ерлікті көрсету»,-дейді сценарист.

Сонымен қатар, Мəдениет жəне спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы да өз ойымен бөлісті:

«Құрметті отансүйер қауым! Барлығыңызға мəлім, қазіргі кезде елімізде тарихи фильмдер көптеп түсірілуде. Мысалы, «Алтын тақ», «Əміре», «Қүнанбай» фильмдері сияқты туындылар. Бұл əрине, Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында болып жатыр. Біз қазақтың тарихын кеңінен көрсетуіміз керек. Мақтанышпен айтуымыз керек. Бұл фильм – шынайы, тарихи деректерден алынған нағыз туынды».

Тұсаукесерге фильмнің басты кейіпкері Еркебұлан Дайыров та келген болатын: «Маған көп қойылып жатқан сұрақтардың бірі «Балуан Шолақ» фильміне дайындық сізге қаншалықты қиын болды ?». Аса қатты қиындық түсірді деп айта алмаймын. Себебі, 2011 жылдан бері М. Əуезов атындағы театрда «Балуан Шолақ» қойылымында осы кейіпкерді сомдап жүрмін.  Сол кезде армандайтын едік, сол пьеса желісінде Балуан Шолақ туралы фильм түсірілсе деп. Міне, бүгін сол күнге де жеттік. Киномыз оңшаң болсын. Рухани жаңғырудың алғашқы қадамдары осылай нық болсын.»

Бұл фильмде палуанның тек өнері ғана емес, халыққа деген жанашырлық əрекеттері де тамаша көрсетілген. Көркемфильм кинотеатрлардан 18-сəуірден бастап көрсетіледі.

Дайындаған: Айым БЕКТЕГЕНОВА

NAR.KZ

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған