Сәл ғана

күтіңіз

«Рэп баттл – шығармашылық алаңы»

Музыка – әлемдік өнер. Ол ешқашан өлмейді. Ал музыкадағы әртүрлі жанрлар уақыт өткен сайын дамып, қалыптасады. Қазақша рэп те қазіргі таңда даму үстінде. Жас рэперлер бұл жанрдың болашағы барына сенеді. Өздері қызығатын бағыттың қыр-сырын білмек болып, Нұрсұлтан Макиев (Nur (Qarasound)), Ернар Ысқақов (Yernar), Ғалымжан Мұхитұлы (Блэк) деген рэперлермен әңгіме өрбіткен едік.

Бұл өнерге қашан және қалай келдіңіз? Рэпты таңдауыңызға не себеп болды?

Nur (Qarasound): 2009 жылы музыканың осы бағытын таңдадым. Алғашқыда шетелдік рэперлердің өлеңдерін тыңдадым. Бұл жанрға шетелдіктер қызықтырды. Одан кейін қазақша рэп те өмірге келді. Шоқан, ДМХ-лардың туындыларын естігеннен кейін, санамда қазақша рэпті өзімше жасаймын деген ой қалыптасты. Солай бастап кеттім.

Yernar: 11-сынып басталмай жатып ауылға келгенімде, сыныптастарымның қазақша рэпке назарлары ауып жүргенін көрдім. Маған әртүрлі трэктерді тыңдатты. Солай жаңа жанрға қызыға бастадым. Ол кезде Ash Kazak Pro дүркіреп тұрған еді. Кейін бұл ұйымның шығармашылығымен таныстым. Маған рэпті жасауға, оқып көруге солардың туындылары түрткі болды.

Блэк: Рэпке 2016жылдың қаңтар айында келген болатынымн. Бұл өнерге қызығушылығымның арқасында келдім. Жаңа жанр бойынша алғашқыда Eminem, 50 Cent-ті тыңдап, одан кейін қазақша нұсқаларына назар аудара бастадым. Қазақша рэптегі Ash Kazak Pro-ны зерттей жүріп танымымды арттырдым.

Осы күнге дейін қазақша рэптің дамуына не кедергі болды деп ойлайсыз? Жас буынның осы жанрды елімізде дамытатынына сенесіз бе?

Nur (Qarasound): Рэптің дамуына кедергі – рэперлер мен халықтың талғамының төмендігі. Қазіргі өнер адамдарының көбі өнерді дамытуды емес, бас пайдаларын ғана ойлайтыны белгілі. Рэп күннен-күнге дамып жатыр. Дегенмен, халық әліде бұл жанрды түсінбейді. Басында жаңа нәрсенің бәрі ерсі көрінеді. Бірақ уақыт өткен сайын халық оған да үйренеді. Жас рэперлер еріншек болып кеткен. Көбісінің өзіндік стильдері жоқ. Қазіргі жастардың арасында бұл өнерді көтеретін ешқандай музыкантты көре алмадым.

Yernar: Қазақша рэптің дамуына үлкен буынның жаңа жанрға деген қарсылығы мен жастарға деген сенімсіздігі кедергі келтіретіндей. Жанрдың дамуына ешкім қаржы бөлгісі келмейді. Өзімнің құрдастарымның, бізден кейінгі буынның рэпті дамытатынына сенемін. Егер музыканттар жұмыс жасаса, рэпке білек сыбана кіріссе, бұл жанр да дамиды. Әлі-ақ біздерден де мықты жастар өмірге келеді.

Блэк: Қазақша рэптің дамуына ақылы жарнама кедергі келтіретін секілді. Сонымен қатар, рэперлер сапалы дүние жасайтын болса, бәрі орнына келеді деп ойлаймын. Ең бастысы трэктің мәтіні мен жалпы сапасы жақсы болу керек. Ал әрі қарай рэпер қандай стильде орындайтынын өзі біледі.

Баттлда рэперлер бір-біріне біраз дүние айтады. Ішінде орындысы да, орынсызы да бар. Жалпы баттлдан кейін қарсыласыңыз болған рэпермен қалай араласасыз, қарым-қатынас әрі қарай өрби алады ма?

Nur (Qarasound): Әрине, өрби алады. Басында рэперлер қарсыласының сөздерін жеңіл қабылдайды, ал ол халықтың сұранысына ие бола бастаған кезде рэпердің де ойы өзгереді. Ғаламтор, әртүрлі әлеуметтік желілердегі оқиғалар мен жарияланымдар рэперлердің әрі қарай араласу немесе араласпауына тікелей әсер етеді. Әзірге баттлдағы қарсыластарыммен әңгімем, қарым-қатынасым түзу.

Yernar: Иә, баттлда екі тараптан да біраз дүние айтылады. Ол жағын әр адам өзі үшін шешеді ғой. Қазіргі уақытта біз қатысып жатқан жобаның өзі көпшілікке орынсыз болып көрінетін шығар. Жеке өзімде сайыстан кейін рэперге деген сыйластық сақталады, реніш болмайды. Айтылған әңгіме сол жерде қалады.

Блэк: Әрине, баттл алаңында айтылған сөздер сол жерде қалу керек. Жалпы рэперлер рэп пен шынайы өмірді араластырмайды. Мысалы, Америкада баттлдан кейін бір-бірімен атысуға дейін барады екен. Ал біздің Қазақстанда ондай жоқ.

Рэптегі болмысыңыз бен өмірдегі бейнеңіз сәйкес келе ме?

Nur (Qarasound): Баттлдағы мен мен шынайы өмірдегі мен екі бөлекпіз. Өмірде көп сөйлемейтін, салмақты адаммын. Ал сайыста мүлдем басқа. Ішкі жан дүнием баттлдағы өзіме тартып тұрады. Ол жерде мен образ жасаймын. Өйткені рэпте шектеу жоқ, ал шынайы өмірде шектеу көп. Біздегі менталитет адамды біраз жерде шектейді. Баттлға келгенде толықтай өзгеремін.

Yernar: Айырмашылық бар әрине. Бірақ көп емес. Рэп баттл – шығармашылық алаңы, ол жерде ереже жоқ, мүмкіншілік көп. Алаңда бар адреналиніңді шығаруға болады. Ол жерде шоу көрсету, импровизация жасау керек. «Дат» – бәсекелесі жоқ рэптегі жалғыз жоба. Жобаның рэперлерге қойған шектеулері де бар. Өмірдегі Ернар мен баттлдағы Ернар мүлдем бөлек.

Блэк: Айырмашылық сәл ғана бар. Жалпы бүкіл ойымды баттлда қарсыласыма ашық айта алдым, алдағы уақытта да айта аламын дегім келеді.

Қазіргі рэперлердің ішінде сіз мойындайтын адам бар ма? Жалпы рэперлерді қандай қасиеті мен қабілетіне қарап бағалайсыз?

Nur (Qarasound): Мен мойындамаймын. Атилла, Сол бір кез, Madog-тың шығармашылықтарын ұнатамын. Madog-тың беру тәсілі, Атилланың рок пен рэпті байланыстыруы, Сол бір кездің бөлек атмосферасы оларды басқалардан ерекшелейді. Мен үшін рэперлердің адамгершілігі маңызды. Жеке бастарының қамы үшін әрекет ететін рэперлерді мүлдем ұнатпаймын. Шығармашылықты өзгертуге болады, ал адамгершілікті өзгерте алмайсың.

Yernar: Мойындаймын демеймін, шығармашылығын сыйлайтын, құрметтейтіндерім бар. Қазақ рэпінен Сол бір кез, түркістандық Беклан деген рэперлер. Ал баттлдағы рэперлерден Nur (Qarasound), Madog, Timmy Diggle, Жандосты құрметтеймін.

Блэк: Иә, әрине, мен мойындайтын рэперлер бар. Мысалы, AQYN, Nur (Qarasound), Madon, Smitty, Sudoku, Parfumer. Рэперлерді қасиет, қабілетіне қарап емес, істеген дүниесіне қарап бағалаймын. Мысалы, AQYN қазақ рэпке мүлдем болмаған «Дат» баттлды алып келді. Яғни, мен рэперлерді еңбегіне қарап бағалаймын.

«Дат» жобасына қатыстыңыздар. Жобаға деген көзқарасыңыз қалай? Сізге бұл жоба не бере алды?

Nur (Qarasound): Ықылас Тұрсынбектің бұл жобасынан бір нәтиже шығады деп толық айта аламын. Ол қазақша рэпте болмаған жаңалық алып келді.

Yernar: Көзқарасым жақсы. Біз «Дат» жобасының алғашқы қатысушылары, түлектері болдық қой. Жоспарланғаннан бастап сол жерде жүрміз. Баттлға деген үлкен қызығушылық болды. Жоба маған агрессиямды шығаруға мүмкіндік берді. Рэп болашағы әлі алда деп ойлаймын.

Блэк: Бұл – Қазақстандағы алғашқы оффлайн, бетпе-бет баттл. Қазақша рэпті бірнеше деңгейге дейін көтерген жоба деп баға беремін. Мен рэпке енді кіріп жатырмын. Бұл жоба жаңадан бастап келе жатқан рэперлерге өздерін көрсетуге және тәжірибе жинауға үлкен мүмкіндік сыйлайды.

Қазақша рэп әлі толыққанды дамыған жоқ. Сіздің ойыңызша, рэпті дұрыс түсінбейтін, дұрыс қабылдамайтын қазақи қоғамға осы жанрды қалай түсіндіруге болады?

Nur (Qarasound): Рэперлер аянбай еңбектенуі қажет. Содан кейін уақыт керек. Буын алмасады. Буын алмасқаннан кейін, рэп те қазақ қоғамына сіңеді. Біз үлкейген кезде, рэп Қазақстанға толықтай енеді. Қазірдің өзінде дамып жатыр. Оны қазіргі кейбір эстрада әртістерінің әндеріне қосып рэп айтып жүргенінен көруге болады.

Yernar: Рэперлер қарсы пікірлерге, сынға мән бермей жұмыс жасаулары қажет. Шығармашылықтарын дамытып, тек алға ұмтылу керек. Сонда ғана бұл өнер Қазақстанда да ауқымды аудиториясын табады.

Блэк: Қазіргі қазақ қоғамына қарасам, бұл жанрды сіңіру, тұрақты қолданысқа енгізу қиын болатын секілді. Жалпы сіңіру үшін қазақ рэпіндегі боқтық сөздер мен арзан сөздерді азайту керек деп есептеймін.

Дайындаған: Ақмарал БЕРЕКЕТОВА

NAR.KZ

 

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған