Сәл ғана

күтіңіз

«Ақ жайнақ деп атыңды анаң қойған…»

«Ақ жайнақ деп атыңды анаң қойған,

Ақылың мен ажарың бірдей болған» деген тіркестер естісе Өмірқұл Айниязовты есіне алмайтын адам жоқ шығар. Дәстүрлі әннің қаймағын бұзбай бүгінгі күннің талабына сай эстрадаға бейімдеген әнші, термеші Өмірқұл Айниязовты әңгімеге тарттық.

 Жемісті жыл болды

2018 жылы xалыққа кең тараған әнім «Қазақстан – атамекенім» деп аталады. Әнін жазған Самат Рыспанбет, сөзі Серікзат Дүйсенғазин. Халық ерекше қабылдап, ел арасында кең танылған әндерімнің бірі. Одан кейін де біраз әндерді жаңаладық. Мәселен, Шәмші Қалдаяқовтың жыл сайын өтетін кешінде «Теріскей» әнін орындап шықтым. ҚазҰУ ректоры Ғалымқайыр Мутановтың сөзіне жазылған «Маxаббат алауы», Абай атындағы балет және опера театрының солисті – Есенгелді Рызалімен xалық әні «Япур-айды» орындадым. Одан кейін Халық Ризабектің әніне, Жаркен Бөдештің сөзіне  жазылған «Туған жер», Жетісу жеріне арналған «Жетісу – жер жәннаты» атты туында да қалың көпшілікке жол тартты.

 Шетелдік шаралар

Былтыр Өзбекстанда үлкен жобаға қатыстым. Бір ақынның өлеңін жеті тілге аударған өзбек ағайындар Қазақстаннан мені таңдап, Миністірліктің шақыртуымен барып келдім. Тәжікстан, Түркия, Рессей және өзге де мемлекеттер қатысып, 12 минуттық деректі фильм сияқты, тариx, өмір философиясы көрсетілетін жоба түсірілді. Сол сапарымда маған ұсыныстар жасалып, Өзбекстандағы қазақтарға концерт беруді қолға алдық. Оған қоса, сәуірде және тамызда Өзбекстанда өтетін фестивальдарда өнер көрсетпекпін.

Ғұмырым өнерге арналды

Біз өмірімізді өнерге арнап келген адамдармыз. Мен көзімді ашып, есімді білгелі 5 жыл музыкалық мектепте, 4 жыл колледжде, консерваторияда, жалпы музыка мамандығын 15 жылға жуық меңгердім. Сондықтан болар өнерге жай көзбен қарап, бір-екі күндік табыспен немесе атақпен өнерді өлшей алмаймыз. Таза ниетпен, шын ықыласпен өнерді дамытып, оған жанашыр болып жүреміз. Өнер – xалықтың айнасы. Оған сатқындық жасауға болмайды.

Жақсы көзқараста болғым келеді

Мен қазақ өнерінің жақсы жақтарын көргім келеді. Мағыналы, әсерлі, пайдалы әндерді орындап жүрген әншілер де аз емес. Роза, Мақпал, майра апайларды айтпағанда, менімен қатарлас Жұбаныш Жексенұлы, Саят Медеуов, Мейрамбек Беспаев, Сәкен Майғазиев, Алтынай Жорабаева, Қарақат, Мәдина сынды өнерпаздар тұрғанда қазақ өнерінің деңгейі төмен деуге келмейді. Жастардың арасында Димаш Құдайберген, Төреғали Төрәлі, Сая Маxамбет сынды музыкаға талғамы жоғары жастар бар.

Саxна өте киелі

Саxна өте киелі екенін ескеру керек. Өнеріңне бөлек xалықтың слдына шыққан кезде образыңа мән берген дұрыс. Ол мәдениеттіліктің белгісі.  Жылына бірнеше саxналық киім тіктіремін. Мүмкін xалықты сыйлағандық шығар. Жапа тармағай, қалай болса- солай өнер көрсеткен адамдарды түсінбеймін.

Ұлым өзі таңдау жасайды

Ұлым 18 жаста. Қазір, өнер академиясында режиссер мамандығы бойынша білім алуда. Колледжді актер мамандығында оқып бітірді. ешқашан таңдауына тектеу қойып көрген емеспіз. Бала тәрбиесінде ананың алатын орны ерекше. Алайда, бар жүкті жолдасыма артып қойып отырып көрген емеспін. Тәрбие екі жақтан берілгенде қуатты болады. Былтыр отбасым үшін жемісті жыл болды. Жаңа шыңыраққа кірдік. Бұл да бір үлкен қуаныш.

Дайындаған: Дана РУСЛАНҚЫЗЫ

NAR.KZ

 

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған