Сәл ғана

күтіңіз

«Алғашқы тыңдарманым көрші орыс апа болды»

Еркін Шүкіман – дәстүрлі әнші. Ерекше тундыларды нақышына келтіре орындап, халықтың ықыласына бөленген. Шығыс Қазақстан облысы Мақаншы ауданының Жарбұлақ ауылында туған. Семейдегі Шәкәрім атындағы Мемлекеттік университеттің қазақ тілі мен әдебиеті факультетінде оқыған. Ж. Елебеков атындағы Республикалық эстрада-цирк колледжін, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясын бітірген.

Өнер жолына қалай келдіңіз? Халықты әнімен әуелейтін дәстүрлі әнші болуға не ықпал етті?

Менің өнерге келуімнің өзі қызық. Өнер деген алдымен табиғаттан беріледі. Кез келген адам өнерпаз бола алмайды. Ал, табиғат берген қасиетіңді дамытып, ізденіп, оқып-тоқымай тағы өнерпаз бола алмайсың. Бала күнімізден ән-күйге құлағымыз түрік жүрді. Сол кезден бастап-ақ «Қазақ радиосы» мен «Шалқар» радиосынан берілген әндерді тыңдап, ауылдағы әнші-күйшілерді көріп, басқа жақтан келген әртүрлі концерттерден қалмай барып, көріп, біліп өстік. Нағашым домбыра тартушы еді, сол кісіге қарап жүріп, бірінші сыныптан бастап ұлттық аспапты меңгеруке кірістім. Төртінші сынып оқып жүргенімде анама домбыра алғызып, қолымнан тастамадым. Өсе келе гитара тартуды үйрендік. Сөйтіп өнерге бала жастан ыңғай білдіріп, бейімделе бастадым. Бірақ, ішіміз сайрап тұрғанмен, мектепті аяқтағанша ешқандай ән айтқан емеспін, тіпті, дауысым бар екенін де білген жоқпын. Мектепті бітіріп, Алматыға келіп Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетіне құжат тапсырдым. Бірақ, 1990 жылы оқуға түсе алмай ауылға қайттым. 6-7 айға жуық уақыт бойы қойшы болдым. Келесі жылы Семейдегі Шәкәрім атындағы университетке оқуға түсуге бардым. Нағашы ағамыздың үйінде тұрып дайындалдым. Ағамыз Семейдің жергілікті телеарнасында журналист болып жұмыс жасайтын. Дауысым бар екенін сол үйде түсіне бастадым. Қолымда ауылдан әкелген романтик магнитофоным бар. Сол магнитофонға теледидардан берілген Ж.Кәрменовтің орындауындағы өзінің толғауын, Қ.Байбосыновтың орындауында С.Сейфуллиннің «Тау ішінде» әнін, Д.Жолжақсыновтың орындауында К.Дүйсекеевтің «Ойлан, балам» әндерін жазып алып, үйреніп жүрдім. Онда да қолыма домбыраны алғаным болмаса, әу деп ән салмаймын. Әнді тек аға-жеңгеміз жұмысқа кетіп, үйде ешкім жоқта айғайлап айтып жүрдім. Сол айғайымды көршілердің бірі естісе керек, жеңгемізге «үйлеріңде әнші бала пайда болыпты ғой, музыка училищесіне тапсырғалы жүр ме?» депті. Жеңгеміз де менің ән айтатынымды елден естіп, қайран қалыпты. Бір күні кешке ағам мен жеңгем «Сен ән айтады екенсің ғой» деді. Жоқ, ән айтпаймын, дауысым да жоқ ән айтатын деп мен мойындамадым. Бір кезде жеңгем үйден шықты да, көрші орыс кемпірді шақырып келді. – «Лариса Васильевна, он поет?» «Да, еще как поет, какой голос у него!.» деп менің өтірігімді шығарды. Сөйтіп, алғашқы тыңдарманым көрші орыс апа болды.. Ақыры, оларға білетін үш-төрт әнімді айтып беріп, бірақ құтылдым. Бір күні түс кезінде ағам келіп «Қолыңа домбыраңды ал, Айман апайыңның үйіне қонақ келеді екен, соларға бір-екі ән салып бер» деп қолқа салды. Көлікке міне сап, алдымен ағамыздың жұмыс орны Семей телеарнасына келдік. Есіктен кірген бетте алдымыздан Мақсат Жарылғасин деген ағамыз шығып, бүгінгі хабарға шақырған адамының келмей қалғанын, кешкі хабарды қалай шығарарын білмей отырғанын айтты. Ол кезде бүгінгідей іздеген адамыңды тез тауып ала қоятындай ұялы телефон деген атымен жоқ, жоқ түгілі ол кезде ондай телефон болады деген адамның ойына да кіріп-шықпайтын. Содан ағам тұрып, «Онда мына менің бауырымды түсіріңіз, ауылдан келген, Шәкәрім университетінің әдебиет факультетіне тапсырып жатыр, әнші де болсам дейді» дегені. Мақсат ағамыз «онда көрейік» деп бір бөлмеге кіргізіп, мені тыңдады да, аты-жөнімді, айтатын әндерімді жазып алып, «мынандай сұрақ қоям, соларға жауап берсең болды» деп студияға кіргізді де жіберді. Сол күні кешкі сағат 19.00-де эфирден берді. Менің өнердегі алғашқы тұсауым эфирде кесілді. Міне, содан бері өнерде келе жатырмын.

Өміріңізді өнер жолына арнағаныңызды балалық арман деуге бола ма?

Балалық арман деуге болады. Себебі, біздің бала күнімізде қазіргідей керемет ойыншықтар, телефон, планшеттер болған жоқ, барлығын қолдан жасайтынбыз. Қиялдап, армандап, аспанға қол созып жүріп өстік. Ауылға сырттан бір өнерпаз келіп, ел естімеген бір ән айтып кетсе, соны тез жаттап алып, ертеңінде соны қате болса да айтуға тырысып, сол сияқты болуды армандайын едік.

Репертуарыңызға тоқтала кетсеңіз. Төрт мектептің қайсысы жаныңызға жақын?

Менің шығармашылығым қазақтың халық әндері және сал-серілер әндерімен тығыз байланысты. Ақан сері, Біржан сал, Үкілі Ыбырай, Мәди, Балуан Шолақ, Жаяу Мұса секілді қазақтың ірі сал-серілердің музыкалық мұраларын насихаттау өнердегі жолым деуге болады. Олардан басқа Кенжебек Күмісбеков, Нұрғиса Тілендиев, Әбілахат Еспаев, Садық Кәрімбаев, Тұрсынғазы Рахимов секілді көптеген жаңа заман композиторларының да әндерін айтып, қал-қадерімізше насихаттап жүрміз. Он-он екі жыл «Қазақконцерт» гастрольдік-концерттік бірлестігінде Р.Бағланова, Р.Рымбаева, М.Жүнісова, С.Тыныштығұлова, С.Жұмағалиев, Р.Стамғазиев секілді өнердегі аға-апаларымызбен бірге жұмыс істедім. Кейіннен Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясына сабақ беруге шақырылдым. Қазір сонда жұмыс істеп, ұстаздық-ағартушылық қызмет етемін. Жылына екі-үштен шәкірттерімізді шығарып отырамыз. Қазақ әндері және әншілерінің өмірі мен шығармашылығына байланысты зерттеумен де айналысып жатамыз. Бірнеше жинағым шықты…

Сіздің репертуарыңыздағы «Ақ баян» әні халыққа қатты ұнады. Бұл әннің шығу тарихы қандай?

Бізге жеткен әндердің барлығының шығу тарихы сақтала бермеген. Сол сияқты осы «Ақбаян» әнінің де нақты тарихы жоқ. Оны әннің әуеніне, текстологиясына қарап отырсақ, әннің Арқа өңірінкі екенін білуге болады. Баян көлі Солтүстік Қазақстан облысының Айыртау ауданына қарайтын жерде орналасқан. Әннің сөзінде «Сен де есен бол Баянның қалған елі, Сен де есен бол Арқаның қоңыр желі» дейді. Яғни, бұл ән елден алысқа кетіп бара жатқанда шыққан қоштасу әні екені білінеді. Міне, осылай әннің әуені мен мәтініндегі сөздерге қарай жорамал ғана жасауға болады.

Алтай мен Тарғабатай әндерін зерттеп жүрсіз. Халыққа ұсынатын тың деректеріңіз бар ма?

Арқа, Жетісу, Сыр, Батыс әндерінің дәстүрлі мектептері қазіргі күнде консерваторияда оқытылып жатыр. Осылардың ішінде кенже қалып отырған ән-жыр дәстүрінің бірі, ол – өзің айтқан Алтай-Тарбағатай дәстүрі. Бұл дәстүрдің бір ерекшелігі – ол өңірге Қазақстанның шығысы мен Ресейдің Алтай аймағы, Алтай Республикасы, Қытайдың Алтай-Тарбағатай аймағы және Моңғолия аймағы жатады. Осыншама кең ауқымды алып жатқан бұл өңірде көнеден келе жатқан ескі сарындар мен қара өлеңдер сақталған. Және бір айта кетерлігі, қазақтағы үш ішекті домбыраның дамып, жетілген және орындалған өңірі осы Алтай-Тарбағатай өңірі. Сондықтан бұл мекендегі музыкалық мұраларды жинақтауды өзіме міндет деп есептесем, екіншіден, туып өскен өңіріміздің әндерін бір ізге түсіріп, оны халыққа ұсыну, үш ішекті домбырамен ән айтуды насихаттауды парызымыз деп есептедім. Бұл Алтай-Тарбағатай әндерінің жинақталуына менен басқа да Мұрат Әбуғазы, Талғат Әбуғазы секілді ағаларымыз көп үлес қосып келеді. Биыл аманшылық болса, ағайынды Мұрат пен Талғат осы өңірдің әндерінен құрастырылған жинағын шығармақшы. Бұл жөнінде өз басым көп болмаса да, бірсыпыра әндер жинақтап, жүйелеп, нотаға түсіріп жүрген жайым бар. Енді әндерді ғылыми негізде зерттеу жасап, үлкен еңбектер қалдыру керек.

Шәкірттеріңіз жайлы айта кетсеңіз.

2009 жылдан бері мен біраз шәкірт тәрбиеледім. Қазір де тәрбиелеп жатырмын. Сол шәкірттердің алды өздері ұстаз болып, кейбірі зерттеушілікпен айналысып жүр. Қазақстанның оңтүстігінде, солтүстігінде, шығысында көптеген шәкірттер қазақ өнерінің өркендеуіне өздерінше үлес қосып жатыр.

Жастарды дәстүрлі әнге қалай қызықтыруға болады?

Ол үшін Білім және Ғылым министрлігі арнайы заң қабылдап, оқу жүйесіне жаңа бағдарлама қарастырып, «Дәстүрлі ән» пәнін енгізу керек. Мысалы, консерваторияның біз сабақ беріп жатқан бір «Халық әні» кафедрасынан жылына кем дегенде он бес бала білым алып шығады. Ал, ондай бала Астанадан да, Жүргенов атындағы Өнер академиясынан да, т.б оқу орындарынан бітіреді. Міне, жоғарыда айтқан пәннен сабақ беретін мұғалім ретінде қабылдаса, солар жас өнерпаздарды дайындайтын болады…

Отбасыңызда ізіңізді басқан ұл-қызыңыз бар ма? Олар болашағын қай саламен байланыстырғанын қалар едіңіз?

Біздің отбасымызда бес адам. Өзім және балаларымыздың анасы – Лаура. Ал, балаларымызға келсек, екі қыз, бір ұлым бар. Үлкенім – Айша, программистке оқып жатыр. Биыл оқуын аяқтайды. Ал, екіншім – Ілияс. Осы ұлым өнерде. Ептеп ән салады. Ол қазір Т.Жүргенов атындағы Өнер колледжінің актерлық мамандық бойынша музыкалық драма бөлімінің 2 курсында оқиды. Ал, кішкентайымыз – Әмина. 7 жастан асты. Ол да өнерге жақын. Үйді азан-қазан қылып ән салып, би билеп жатады. Қосымша көркем гимнастикаға барып жүр.

Болашақ жоспарларыңызды айта кетсеңіз.

Болашақ жоспар көп. Жинақтасақ, жазсақ, құрастырсақ деген көптеген ғылыми жоспарларымыз бар. Оны болашақ көрсетер. «Арық сөйлеп, семіз шық» деген қазақтың сөзі бар. Сондықтан, мен сүйтем, мен бүйтем деп алып, артынан түк те шықпай жатса, жұрттан ұят болады. Ең басты жоспар, ол – ұрпақ тәрбиелеу. Ең басты іс те осы болмақ.

Әңгімеңізге рахмет!

Дайындаған: Айдана ЕРНҰРҚЫЗЫ

NAR.KZ

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған