Сәл ғана

күтіңіз

Маңғыстау облысында туризм қолға алынды

Маңғыстау облысында отандық және шетелдік саяхатшыларды тарту үшін кешенді жұмыстар жасалып жатыр. Тарихи ескерткіштерге бай өңірдің кереметтерін бүкіл әлемге таныту мақсатында ТМД аумағындағы алғашқы геопарк құрылмақшы.

Сондай-ақ жағажай туризмін дамытып, теңіз жағалауын абаттандыру жобасы сәтті жүзеге асуда. Облыста туризммен қатар көлік логистикасын дамытуға да барынша күш салынып жатыр. Құрық порты биыл Әзірбайжанмен қатар өзге де порттармен әріптестік орнатпақ. Жыл соңына қарай қазақтың екінші теңіз портынан Иран мен Түркіменстан елдеріне жүк тасымалдана бастайды.

Екі жыл бұрын іске қосылған қазақтың екінші теңіз порты бүгінде еліміздің транзиттік және экспорттық әлеуетін арттыруға зор үлес қосуда. Бүгінде айлақтан тек Қазақстанның ғана емес, Қытай мен Орталық Азия елдерінің тауарлары Еуропаға тасымалданып жатыр. Қазір портта екі бірдей теміржол айлағы жұмыс істеп тұр. Әрқайсысы тәулігіне 50 вагон жүк сыйып кететін төрт бірдей алып кемені қабылдап-жөнелте алады. Құрық портында теміржолдан өзге қуатты автомобиль айлағы бар. Ол жылына 20 мың көлікті қабылдауға қауқарлы. Қазір жаңа портта 300-дей адам еңбек етуде.

Азат Балықбаев, экспедиторлық бөлімінің маманы:

Осында жолаушылар мен жүргізушілердің құжаттарын рәсімдейміз. Бүкіл жұмыс автоматты түрде жүргізіледі. Осындай таза әрі әдемі ғимаратта отырамыз.   Тоғыз жолдың торабында жатқан өңірде көлік логистикасымен қатар туризм саласын дамытуға да зор мүмкіндік бар. Еліміздегі тарихи-мәдени ескерткіштердің үштен бір бөлігі осы өңірде орналасқан. 13 мың ескерткіш бар. Оларды шетелдік және отандық саяхаттаушыларға таныстыру үшін ТМД аумағындағы алғашғы Геобақ құрылатын болды. Қонақтар Маңғыстауда ғана кездесетін Сұлтан үпі, Шақпақ ата сынды жерасты мешіттері, шар тәріздес алып тастар, қазба жұмыстары жүріп жатқан ежелгі қала орындарын аралап, тамашалай алады.

Гүлмира Сүйеуова,  облыстық туризм басқармасы басшысының орынбасары:

Біз ЮНЕСКО-ға Геобақ құру туралы өтініш тастадық. Аймақта ашық аспан астындағы мұражайды құруға қажеттінің бәрі бар. Халықаралық ұйым мамандары оң бағасын берсе, көп кешікпей инфрақұрылымды жүргізу жұмыстары басталмақ. Ауқымды жоба Маңғыстаудың кереметтерін бүкіл әлемге танытып, елімізге келетін саяхаттаушылардың санын арттыруға мүмкіндік бермек. Қайталанбас табиғат пен тарихи ескерткіштері бар Геобақ Түпқараған және Маңғыстау аудандарының аумағын қамтиды.

Былтыр облысқа 200 мыңдай саяхаттаушы келген. Оның тең жартысы шомылу маусымында көк теңізге түсіп, жұмсақ құмды жағалауда демалған. Ал, 7 жылдан кейін Маңғыстауға келетін туристер саны 750 мыңға жетеді деп күтілуде. Жергілікті билік мұндай жетістікке теңіз жағалауын дамыту жұмыстарының арқасында қол жеткізбек. Былтыр бұрын-соңды болмаған ірі жобалар жүзеге асырылды. Теңіз жағасындағы  жартастарды жағалай 1 жарым шақырым жерге жаяу жүргіншілер жолы салынды. Мұндағы үңгірлер абаттандырылды. Биіктігі 8, ені 70 метр болатын алып дала сахнасы бой көтерді.

Дереккөз: https://24.kz/

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған