Сәл ғана

күтіңіз

«Екі жыл тынбай еңбек етсең, абыройға ие боласың»

Райяна Кенжебек  – дизайнер, тігінші. Қазақстанда 11 филиалы бар «AyaKen» дизайнерлік тігін мектебінің негізін салушы. Матаға сурет салу, құрақ көрпе мен түрлі киімдер тігуді қарапайым әдістер арқылы қызығушылығы бар адамдарға білім беретін Райянаны әңгімеге тарттық.

Ayaken студиясын ашуды неден бастадыңыз? Ayaken-нің тарихы қандай?

Бала күнімнен «Ayaken» атты киім брендтін қалыптастыру арманым болатын. Мектепті ашу барысында бұл атауды мұның арты киім брендтіне ұлассын деген ниетпен қойдық. Студияны үш тігін машинасымен, кішкентай оқушылармен бастадық. Кейін 2-3 сағаттың ішінде көйлек, белдемше тігудің жолдарын көрсететін мастер кластар жасай бастадық. Әрбір жұмысымызды әлеуметтік желіде жариялауға тырыстық. Қазақстанның кейбір төңірегінде мұндай бағдарламалар мен курстар жоқтың қасы болғандықтан басқа қалалардағы ханымдарда қызығушылық арта түсті. Сол уақытта маған команда құру керектігін түсіндім. Қасыма  тігінші қыздар алып, оларды үйретіп, кейін қалаларды аралап, үш күндік шеберлік сағаттарын жүргіздік. Әр қаланың түкпір-түкпіріне жол жүру, сабақ үйрету, бұрын соңды көрмеген қалаларға бару көптеген қиындықтар тудырды. Сондықтан біз Ayaken мектептерін франчайзинг арқылы мастер класымыздан өткен ханымдарға сата бастадық. Оларға өзіміздің авторлық методикамызбен бөлістік. Кейбір адамдар өмір бойы басқа әдіспен оқып, кейіннен біздің жеңіл әрі тез бағдарламамызды меңгеріп кетіп жатты. Қазіргі таңда 11 қалада орталықтарымыз бар. Мектебімізге 5 жастан бастап жасөспірім, ересек адамдар да келе алады. Онда дизайнерлік қасиет, дұрыс киіну мен түстерді бір-біріне үйлестіре білуді де үйретеміз.

Тігін курсын өткізу барысында қандай қиындықтар болды?

Негізінде нәзік жандылар қолөнерге жақын. Бірақ көбіне үйде отырған немесе жүкті аналарға қайтадан сабақ өту, пішуді есептеп шығару деген сияқты дүниелер қиындау. Сондай кезде біздің ұстаздарымыз асқан сабырлылықпен, жалықпастан әр бөлшекті қайтадан түсіндіруге тырысады.

Әр істі тиянақты, әрі махаббатпен жасау үшін қандай қаситеттер болуы шарт?

Кез келген нәрсені махаббатпен жасау керек. Жолдасым Арман Серікұлы тренер, коучер болғандықтан ай сайын құрамымызбен жиналыс болып отырады. Онда тәлімгерлерімізге тренингтер жүргізіп, мотивация береміз. Мақсатқа жету үшін психологиялық тұрғыда бәріне дайындаймыз. Сондай-ақ, жақсы жұмыс жасаған қызметкерлерімізге шет елге тегін жолдама беруді дәстүрге айналдырудамыз.

Уақытты қалай тиімді пайдаланасыз?

Таңнан кешке дейін жұмыста болғандықтан йогамызға барып, профилактика мен ем алып, түрлі адамдармен кездесіп, әлеуметтік желіні де жүргізуге уақыт табамыз. Ал кешке жолдасым екеуміз бөлмеміздегі арнайы тақтаға келесі күнімізге арнап жоспар құрып қоямыз. Таңертең тұрғанда не жейтінімізден бастап, кешке дейінгі тамағымыздың мәзірі мен жұмсалатын ақшамызға дейін жазып отырамыз.

Алдағы жоспарларыңызбен бөлісе кетсеңіз.

Қазір бала кездегі арманымдағыдай киім брендін қалыптастыруды қолға алып жатырмын. Жақын арада Астанада ең алғашқы дүкеніміз ашылды. Осы жылғы мақсатымыз Алматы мен Ақтау қаласынан да орталық ашу. Сонымен бірге, еліміздегі өткелі жатқан мемлекеттік кәсіпкерлерді қолдау байқауында жеке брендтік киімдер топтамасын көрсеткім келеді және шет елге барып тәжірибе алмасу да ойда бар.

Жас кәсіпкерлерге қандай кеңес берер едіңіз?

Жас кәсіпкерлерге айтар кеңесім бәріне төзім керек. Ешнәрсе оңайлықпен келмейді. Ең бастысы: алты ай дұрыстап еңбек етіп, шыдап, жалға алу мәселесімен, клиенттермен қиыншылықтарды шеше білу. Кезінде бір ұстазым: «Екі жыл тынбай еңбек етсең, абыройға ие боласың. Одан кейін абырой өзіңе жұмыс жасайды» деп еді. Түсінгенім, тынбай бір жарым-екі жыл командамен бірге өсіп, аянбай еңбек ету керек.

Дайындаған: Жарқынай ӘНАФИЯ

NAR.KZ

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған