Сәл ғана

күтіңіз

«Адамды өсіретін де, құртатын да ой»

Мұхтар Мағауин – Қазақстанның халық жазушысы, Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың, Түркияның халықаралық «Түрік дүниесіне қызмет» сыйлығының иегері, «Тарлан» сыйлығының лауреаты, Халықаралық Шыңғыс хан академиясының құрметті академигі. 1940 жылы Шығыс Қазақстан облысы, Шыңғыстау өңірінде туған. Тұңғыш «Ақша қар» атты әңгімелер жинағы 1969 жылы жарық көрген. Суреткер қолынан «Әйел махаббаты», «Тазының өлімі», «Көк мұнар», «Шақан-Шері», «Сары қазақ» секілді тамаша шығармалар жазылды.

1962 жылы қазіргі әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ды бітіреді. 1965 жылы ҚазҰУ-дың аспирантурасын тәмамдайды. 1965-1986 жылдары «Қазақ әдебиеті» газетінде бөлім меңгерушісі, «Жазушылар» баспасында, «Жалын» баспасында бас редактордың орынбасары, Әдебиет және өнер институтында ҚазПИ-да аға  ғылыми қызметкер, доцент, «Жазушы» баспасында бас редактор қызметтерін атқарған. 1981-1983 ж «Аласапыран» тарихи диологиясы жарық көрді. 1996 ж Халық жазушысы атанды. 2006 жылы шет елге қоныс аударды, Чехияда( Прагада, Карловы Варыда) 9,5 жыл тұрды. Қазір Американың Мэриленд штатының Роквилл қаласында тұрады. 2015 жылы төрт томдық «Шыңғыс хан» атты тарихи баянын аяқтады.

Жан азығы…

«Жас қаламгерлерге айтарымыз – қатып қалған үлгі жоқ, әдебиет тарихындығы соқталы тұлғалардың барлығы да бұрынғы ұлылардың өнегесін бойына сіңіріп, өзіндік таңба арқылы көркемдік жүйе мен қоғамдық ойдың жаңа бір белесіне шыққан» («Мен»).

«Мен жазуды әмәнда кілем тоқуға теңеймін. Әңгіме – алақандай ғана, әдемі кілем. Хикаят – көсілген, көрнекі кілем. Роман – шалқыған, шалқар кілем. Үлкенін де, кішісін де тоқып шығу – өзгеше өнер, ауыр еңбек» («Мен).

«Адамды өсіретін де, құртатын да ой» («Көк мұнар»).

«Жаз! Жаза түс! Тәңірі алқап, асқаралы биікке көтерген пендеде реніш болар, нала болуға тиіс емес. Туған жұртының мүддесінен тыс тілегің жоқ. Әр қаламгер – ел мүддесінің жоқшысы, жаңа сананың жаршысы.

Мен шалдықсам да өттім деп, түгел болмаса да жеттім деп ойлаймын. Ендігі тілек: Елім аман болсын! Ұрпағымның жаманшылығын көрмей өтейін! Тәңірі тағала ең соңғы сәтіме дейін ала қағаздан айырмасын! Тағы да қасиетті бітікке бас қоямын: Қаламға және оның жазуына серт!».

«Не себепті соңғы жылдардағы шығармашылық әлеуетіңізді жаңа көркем шығармалар жазудың орнына әбден зерттелген Шыңғыс хан туралы тарихи романға арнап жатырсыз?» деп сұрайды.  «Шыңғыс хан мен оның әулеті құрған билік дәстүрі – қазақ елдігінің негізі. Кітаптарымды оқыған жұрт әрбір маңызды мәселеге қатысты тәуелсіз өз пікірімді қалыптастырып, ұстануға тырыстым. Бұл тарихи деректі хикаяны жазуды «Алтын дәптер» деп атаған студент кезімдегі күнделігімде-ақ жоспарлағам. Шыңғыс ханның тарихы әбден зерттелді деп ойламаймын… шыңғыс хан тек өзінің елшілерін өлтірген билеушілерді жазалағанын ашып жазбай, біржақты қанішер жауыз етіп көрсеткен. Мөріндегі жазуына дейін түркі тілінде болғанына қарамастан оның тегін түркіге жатқызбай келген».

«Бір адамның жөнінде әртүрлі пікір бола береді. Өйткені бір адамның бойында жақсы мінез де, жағымсыз мінез де болады. Кемшіліксіз адам болмайды. Бірақ өтірік айтпау керек».

«Тозбайтын — топырақ қана. Бұлақтың көзі бітелгенмен, тіршілік нәрі үзілмепті. Аршып, тазартып, мейлінше суладық. Жерсінсін, қара іздемесін деп, екі күн аялдадым. Содан соң малды Қамбар-Атаға, өзімді Қызыр әулиеге тапсырып, артыма қарай-қарай кеттім. Құдай көлденең пәле-жаладан қақса, суаттан ұзамайды, алғашқы қармен оралармын, ал қазір, өзім пана таппай тұрғанда мұншама жылқыны ешқайда сыйғыза алмас едім»(«Сары қазақ»).

«Сыртқы түр – перде. Ішін айт. Жүрегі қалай соғады, бүйрегі кімге бұрады – соған қара. Ойын айт, пиғылын айт» («Бір атаның балалары»).

Қобыздардың сарыны…

Қабдеш Жұмаділов, Қазақстанның Халық жазушысы:

Тарихты жазса, жазушы Мұхтар Мағауин жазсын. Оның тарихи білімі тарихшылардың өзінен көш ілгері.

Қуаныш Шонбай,  «Екінші болма» кітабынан үзінді:

«Мұхтар Мағауин – жазушы. Ол өзінің өмірлік миссиясын қазақ халқына қызмет ету деп санайды. ол осы жолда белгілі құрбандықтарға да әзір. Ол өзі жазатындай, тойларға бармайды, құда-жекжат «бір шәугім шайға» келгенде кабинетінен шықпай жұмыс істейді, балаларды шулатқызбайды… Қазақ үшін бұл қаншалықты қиын болуы мүмкін? «Бір түрлі» дейтін шығарсыз? Ал осының бәрі болмағанда, біз «Аласапыранды» білмес едік, «Шақан шері» мен «Сары қазақты», «Шыңғыс ханды» сүйсіне оқымас едік. Бүкіл халықтың ұлттық мақтанышын оятатын шығармалар маңызды ма, жазушының құдағиының көңілі маңызды ма? Айналасының бәрі біледі, ол – ерекше адам. Және оның ережесімен санасады. Өзінің уақытын, өзгенің уақытын бағалайтын қо,ам, осындай адамдар көп болғанда қалыптасады»

Несіпбек Айтұлы, ақын:

…Аман болғай, қазақтың бір нар ұлы,

Сені сүйер аға да бар, бар іні.

Жеті түнде тұрсын дәйім оятып

Сонау, сонау қобыздардың сарыны…

Ғалым Боқаш, журналист:

«Ол кісінің күнделікті күн тәртібі шамамен мынадай болған екен. Таңертең тұрғасын қазақша таңғы ас ішеді: бал қосқан жылы су, шағын құтыдағы женьшень тұнбасы, ірімшік, авокадо мен май жаққан ақ нан, бір жілік суық қой еті, сүт қатқан шай. Сосын бір жазу бөлмесіне кіріп кетеді. Сырт-сырт еткен машинка дауысы үзілмейді. Түс уағында жарты сағатқа шығып, үй ішінде, патио-балконда аяқ жазып жүреді. Қолына немересі сыйлап, қатты тапсырып кеткен адым санағыш сағатын тағып алады. «Жағанбике күніне мың жарым қадамжүр деген, соған толтыруым керек, интернет арқылы қашықтан қадағалап отырады екен»,-дейді. Сосын үйде қызмет қылуға әзір адамдары бола тұра ешкімді әурелемей өзі бір тостақ шайы мен сусынын құйып алып, қайта бөлмесіне кіріп кетеді. Кешке дейін бас-аяғы кемінде жеті сағаттапжылмай отырып жазады. Жазу бөлмесінің үш қабырғасы түгел шыны есікті биік кітап сөресі»

Тұрсын Жұртбай, жазушы:

«Мұхтар ағамыздан артық бақытты адам жоқ. Жардың да, ұл мен қыздың да қызығын көрді. Жары да, ұл мен қызы да Мағауинды алақанына салып, мәпелеп отыр. Ол Алматыда тұрсын, Шұбартауда тұрсын, Америкада тұрсын, бәрібір қай уақытта да жары мен бала-шағасының аялы алақанында. Сондықтан ол кісінің түпкі жүрек ауаны таза».

NAR.KZ

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған