Сәл ғана

күтіңіз

«Адамдар – тағдырын, тағдыр – адамдарын іздейді» (Ретроспективалық сұхбат)

Өмір шындығын қаламына арқау етті,  «Бетпе-бет», «Құс жолы», «Жәмила», «Шынарым менің, шырайлым менің» туындыларынан ауыл бейнесін, соғыстан кейін және соғысқа дейінгі өмір көріністерін, «Қош, Гүлсарыда» Кеңес өкіметін орнату жолында қиыншылықтарды, «Жәмила» повесінде адамдық қасиеттерді жазып, оқырман жүрегінде қалған ерекше образдарды дүнеге әкелді. Жазған әрбір туындысы жүрек түпкірінен орын ала білді. Өйткені, ол – адамзаттың Айтматовы болатын.

Жазушы шығармасының негізі неде және ол негіз қалай құралады?

Жазушы жазбай жүрсе де, жазып жүреді деген ұнамды пікір бар. Алдыңа ақ қағаз жайып, қолыңа қалам алып, жазатын шығарманың тақырыбын қойғанмен, соған ішкі дайындығың жоқ болса, зәулім сарай салуға ниеттенгенмен, құрал-жабдығын қамдамаған құрылысшы секілді, босқа уақыт өлтіресің. Табылған тақырып, жақсы идеяны алып шығу үшін, көңіл қоймасын ақтарасың. Бала күнгі естеліктер, көрген-баққаның, ойға түйгенің, бастан кешкен алуан түрлі оқиғалар мен жүздесулер сұрыпталып, бір жүйеге түсіп, шығарманың негізін құрайды. (Құз басындағы аңшының зары, 121 бет)

Қазақтың көркем әдебиетінде қандай жанр көп кездеспейді? Қазақ жазушылары сұранысқа ие болу үшін қандай жанрда жазуы керек?

Фантастикалық өрнек – өмір метафорасы, өмірді жаңа, бұрын байқалмаған қырынан көрсетіп беретін әдіс. Метафоралар біздің заманымызда тек ғылыми-техникалық жетістіктердің күні кеше фантастика саналатын салаларға баса-көктеп кіргендігінен ғана қажет болып отырған жоқ, сонымен бірге және, негізінен, өзіміз өмір сүріп отырған, экономикалық, саяси, идеологиялық, нәсілдік қайшылықтар қыспаққа алып отырған әлемнің өзі фантастикалық екендігінен де айрықша қажет болып отыр. (Боранды бекет, 5-6 бет)

Жазушы адам, менің түсінігімше, өмірге, қоршаған ортаға ерекше көзқараспен қарайды. Жазушы үшін билік пен демократияның өзіндік ерекшеліктері қандай?

Бейнелеп айтсақ, билік дегеніміз – айбалтаның басы да, демократия – сабы. Ал сабын ұстайтын әлеуетті қолдың иесі қашан да халық екенін естен шығармаған абзал. Сондықтан бұл екеуін бөле-жара қараудың қажеті жоқ. (Құз басындағы аңшының зары, 135 бет)

«Өнер құдірет – халықтың рухы ғой», – депсіз бір сөзіңізде. Музыка өнеріне берер бағаңыз қандай болмақ?

Өмір мен өлім, махаббат пен қасірет, илхам-шабыт – бәрі-бәрі музыкада. Адам адам болып көзін ашқалы азаттық үшін күресіп келе жатса, сол азаттық арманының асқақ аңсарын адам тек музыка тілімен ғана айта алады. Өйткені барлық дәуірлерде тек музыка ғана адамдар арасындағы кертартпа кесапаттың бәрін аттап өтіп, әр заман тек болашаққа жол тартты… Сондықтан басқа тілде айта алмаған арман-тілекті, қайғы-мұң, зар – бәрі-бәрін тек музыка тілімен жеткізуге болмақ. (Жан пида, 69 бет)

«Тағдырдың қожасы тағдыр ғана, адам – оның құлы» деген түсінік бар. Жазушы Айтматов тағдыр ұғымын қалай түсінеді?

Әр адамның өз пешенесіне жазылған тағдыры бар. Мынау ғалам қандай шексіз болса, ол да сондай шек-шетсіз, құпиялы да күрделі. Әркім өзінің өмір жолында бұйырған адамына жолығады. Бірігіп әрқайсысы өз түсінігіндегі бақытын іздеуге аттанады. (Құз басындағы оқиға, 307бет)  Адамдар – тағдырын, тағдыр – адамдарын іздейді… Сөйтіп ғұмыр шіркін шыр көбелек айналып өте береді… (Жан пида, 217 бет)

Сіз үшін адамның мәні неде?

Адамның мәні – адамгершілік. Адамның мәні – ізгілік пен сұлулық. Бұл да Құдайдың құдіретімен болмақ.(Жан пида, 157 бет)

Сіздің ойыңызша, ешнәрседен қорықпайтын адам баласын не үрейлендіруі мүмкін?

Осы планета адамға соншалықты тар сияқты көрінеді. Адам байғұс жер үстіне сыймаймын-ау, аштан өлемін-ау, деп үрейленіп, өзге өзі сияқтылармен сыйыса алмай жүретінін қайтерсің. Жер жарықтықты стадионның көлеміндей-ақ етіп тарылтатын осы бір ұғым, осы үрей, осы бір жауығу емес пе екен. (Жан пида, 95 бет)

Дайындаған: Ақмарал БЕРЕКЕТОВА

NAR.KZ

 

 

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған