Сәл ғана

күтіңіз

Армандар орындалады(ой толғау)

Менде де арман бар.Сол арман санамды шырмап алып, үрейге толы бойымды әлдеқашан билеп-төстеген. Зұлымдық пен адалдық қатар жүретін ғаламда кеудемде дамылсыз соққан жұдырықтай жүрегімнің төріне сол миллиардтаған армандарды кішкентай ғана оюлы, қызыл орамалға түйіп, сыр сандығымның ішіне ешкім сезбестей, білместей етіп орналастырып, сыртын алтын құлыппен бекітіп қойғам. Сіз ойлағаннан да, өзгелер елестеткеннен де көп,тіпті шексіз. Көзімнің қарашығындай сақтап келемін, бірақ өзгелермен бөлісуге, яки сыр ақтарып, ағымнан жарылуға қатты қорқамын. «Адамның емес, Алланың ғана қалауы болады». Күндіз-түні армандап, бірақ болашақта көпке мәлім еткен арманым еш қиындықсыз сағымға айналып кетсе қайтпекпін? «Бар болса бере алмайтын, жоқ болса көре алмайтын» күншілдік билеген заманда күндестерімнің мысқылынан, арам пиғылдарынан жүрексінемін. Бірақ дәл қазір қалай батыл қадам жасап отырғаныма қайран қалам.

Бір кездері ертеңгі атар әр таңынан күтер үмітім зор түлек едім. Содан не керек, күндер көзді ашып жұмғанша өтіп, айлар ағын судай ағып, жылдар мен ойлағаннан да жылдам жылжып жатты. Әр бұрышында балалығымның тәтті естеліктері сақталған мектеп партасында отырып, ақ қағазға ойымдағын шимайлайтын әдетімнің қалай пайда болғанында аңғармаппын. Асып бара жатқан ақындығым болмаса да, жақын болуға мүмкіндігім бар шығар деген ой еді менде. Сол шимайларды қайта оқыған сайын толқыныстан қос жанарым мөлдіреп шыға келетін. Мүмкін осы күнге дейін артық дүниелер кедергіге айналса да, қайғыға салынбай, қаймықпастан жеткенім балалық батылдығымның әсері болар. Бірақ ең бастысы Қазақстанды ғана емес, шексіз ғаламды бағындырған, репортаждарыммен кез келген жүректі баурап алатындай күш-қуатқа, ерекше дарынға ие, қаламын ғана қару еткен майдан даласындағы батырдың кейпіне енуді тым көп армандайтынмын. Бірақ ол мүмкін бе? «Журналист болып қайтесің,онсызда көп қой,қара да тұр ертең жұмыссыз қаласың»  дейтіндер де менің шуақты күндері мен шырғалаңы көп өмірімнің кемесінде аз емес болатын. Күдік, күмән, қараңғылық. Тулап жатқан жүрегім осы сөздерден кейін-ақ тым-тырыс, үнсіз қалатынды шығарды. Неге екенінен өзім де хабарсызбын. Алла қаласа, ата-анам қолдау білдерсе, таң атқаннан қас қарайғанша маңдай терімді төксем, барлығына жете алатын мүмкіндігімнің бар екенін іштей ғана сезетінмін. Менің түсінгенім, құлағаныңда жылап, сүрінгеніңде сынаққа төзбей сынып қала берсең, арманыңдағы шыңдарға шықпайтының белгілі, жәй ғана жұрттың табанының астында тапталып қаларың хақ. «Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің Журналистика факультетінің грант иегері атансам». Армандарымның алды, ең маңыздысы да, міне, осы болатын. Талпынуға тиіс едім. Мен ала алмайтындай қамал болмайды деп ойлайтынмын. Қандай қиындыққа тәуекел етіп жатқанымды жақсы білетінмін, бірақ сол жолда мыңмен жалғыз алысып жүріп, жарты жолда қалуым да һәм армандарымды өз қолыммен жойып та жіберуіме болады. Бірақ та үкілеген қаншама үмітті арқалап, жанашырларым бар  сеніп тапсырғанда, оларды желге ұшырғандай болып, ақтай алмағаным адамдық қасиеттен жұрдай болғанымның бір белгісі саналмақ.Толассыз ойлардан тұла бойым бірде суып,бірде ысып кететін. Алайда араға уақыт салдық.

Ал бүгін мен кіммін? Бір күндері аш қалып, ал шәкіртақы алған күні «кедейдің бір тойғаны шала байығаны» демекші, өзімізді әлемнің ең дәулетті адамдары сияқты сезімдерді иеленетін  студентке айналдық. Еліміздің алып шаһарына айналған Алматының төрінен орын алатын ұлы ғұлама әл-Фарабидің есімі берілген әлемге әйгілі университетке қол жеткіздім. Қазақстанның түкпір-түкпірінен армандарын арқалап барған талай жастарды құшағына қысып, бауырына басқан қара шаңырақтың бүгінгі тынысы қай жанды болмасын қызықтырары анық. Зейнолла Қабдолов, Әбіш Кекілбаев,Мұхтар Мағауин, Дулат Исабеков сынды қазақтың маңдайына біткен алтын қаламның иегерлері түлеп ұшқан Қазақ ұлттық университеті өзінің негізін 1934 жылы негізі қаланғаннан бастап, Қазақстандағы білім беру жүйесінің бетке ұстар көркіне айналғаны белгілі. Осы күнге дейін құлақпен ғана естіген университет қалашығындағы дүниелерді өз көзіммен тамашалағанымда мойным бұратылып, тілім күрмеліп, сөзбен жеткізе алмайтындай жағдайда екенімді түсіндім. Мен үш ұйықтасам да түсіме кірмеген алып сарай тәріздес кітапхана  жаңа техникамен жабдықталған, іздеген оқулыңығыңды қиналмастан тауып оқи аласың. Кедергінің жоқтығы көңіл қуантады. Біз тексерілуге баратын » Керемет» диагностикалық орталығындағы білікті мамандар мазалап жүрген дертіңді дереу біліп те береді, студенттер кеңсесі көкейіміздегі көп сұрақтың барлығына жауап табады. Бастысы уақытыңды алып, сергелдеңге салатын артық дүние жоқ, ойыңдағын жүзеге асырып, қалағаныңды орындауға мүмкіндік береді.

Мұхтардың табаны тиген табалдырықпен баяу көтеріліп келе жатқан мен миллиондаған сезімдерді бастан өткеретінмін. Журналистика қабырғасындағы әр терезенің арғы жағындағы көрініс жеті қырдың астында қалған өткеніңді көз алдыңа әкеліп, қозғалыстағы қоғамға басқаша көзбен қарауға, ұғынған дүниелерді ұтымды оймен жеткізуге машықтандырады. Алғаш үңілгенімде үнсіз ғана толассыз ойлардың құшағында құс боп қалықтағанмын. Адам аяғы арылмаған алып ғимараттың алдынан бір күндері жоғалып кетердей әкесінің қолынан тас қылып қысып ұстаған өзімді көремін. Жол шетінде тізіле орналасқан шыршалар қаламымды қолыма алып, әр емтиханға келген сайын қап-қара маңдайымнан шып-шып терді төгетін шыжыған күннің ыстығынан қорғайтын саяма айналған екен. Журналистикаға жетелеп алып келетін ұзын тас жол үздіксіз қан жүгірген тұла бойыма тілшіліктің қыр-сырын үйретіп, асыл қасиеттерін дарытқандай.

«Ақпараты бар адамның қолында – әлем де бар» деген ұстаныммен алға жылжитын университет, 85 жылдық тарихы бар факультет, жанарымыздағы отты,бойымыздағы қайратты мың есе арттырды.  Мен іздеген жылулық та, жаңаша дүниелер де, жарқын болашақтың кілтін де осы мекеннен тапқандай едім.

Білемін, әлі талай кедергілердің торына түсіп, қиындықтардың құрсауында қалатын да шығармын, пешенеме не жазылғанынан да хабарсызбын. Тек «өзіме сенейін, өзімнің күшіме сенейін, қос қолыммен алып шығар ісіме сенейін». Қолымдағы сиям әлі де көп нәрсені жазуға даяр-ақ, ал дәл қазір қаламымды тербететін жүрегім бір қалыпты соғып тұр. Ендеше әлемді бағындырған  журналист болуым үшін басқа нәрсені қажет ету – астамшылдық, не бос әурешілік қылғаным болар.
                                                                       

Дайындаған: Cыланова Айжан Амитбековна

                                                                          Жетекшісі: Курманбаева Алма Алиқызы

NAR.KZ

 

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған