Сәл ғана

күтіңіз

Қазақстанға келген турист визаны қалай алады?

Жетісудың жеті өзенін, Алтайдың асқар шыңын, Арал мен Каспийдің адуынды толқынын көріп, киелі елдің тұмса табиғатына тәнті болып жүрсеңіз, ойланбастан жол сөмкеңізді дайындауға кірісіңіз. Қазақстанда 2017 жылдың қаңтарынан бастап визасыз режимнің енгізілуіне орай, туристерге жақсы мүмкіндіктер жасалып отыр. «Қай мемлекеттерге визасыз режим орнатылды? Виза алу үшін не істеу керек? Туристік визаны қалай аламыз?» деген сұрақтарға бірге жауап іздейтін боламыз.

Визасыз жүйе

Қазақстан аумағында 30 күнге саяхаттауға, іс-сапармен келуге және өзге де қажеттіліктер бойынша шекарадан визасыз өтуге 49 мемлекетке рұқсат берілген. Олардың өзі келген еліңнің заңнамасына сәйкес тіркеуді қажет ететін және қажет етпейтін болып екіге бөлінеді. Тіркеу жұмыстары Қазақстанға келгеннен кейін 5 күн ішінде миграциялық полицияда жүзеге асуы шарт.

Визамен саяхаттау үшін…

Визасыз жүйе орнатылмаған мемлекеттер рұқсатнаманы Қазақстанның өз еліндегі елшілігі мен консулдығынан ала алады. Виза алу үшін туристік агенттік арқылы визалық қолдауға арналған құжаттарды тіркеу қажет. Ұсынысыңыз екі апта көлемінде қаралады. Виза әдетте лицензиясы бар жергілікті туристік компаниялардың өтініштері бекітілгеннен кейін беріледі. В12 категориялы визаны алу үшін кейбір құжаттарыңыз болуы шарт. Олар:

  1. Паспортыңыздың алғашқы екі бетінің көшірмесі;
  2. Шақырту қағазы;
  3. Толтырылған анкета;
  4. Виза алу кезінде төленетін ақша;
  5. Қонақ үйдің тапсырыс берілгенін растайтын құжат;
  6. Ұшақ билетінің алынғанын растайтын құжат;

Транзиттік виза

Егер Қазақстан арқылы басқа елге ұшар болсаңыз, Н1 транзиттік визасы болған жөн. Ол мемлекет аумағында 5 күнге жүріп-тұруға мүмкіндік береді. Визаның бұл түрін беру барысында жол жүру билеттері қатаң қадағаланады.

Ескерту!Визаңыздың уақыты өтіп кеткен жағдайда, айыппұл төлеп, келесі жолы виза алуға рұқсат берілмейді. Сондықтан, құжаттарыңызды түгендеп, заңдастырып алғаныңыз жөн. Саяхатыңыз сәтті өтсін!

Дайындаған: Дана РУСЛАНҚЫЗЫ

NAR.KZ

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған