Сәл ғана

күтіңіз

Шегесіз салынған мешітті білесіз бе?

«Жаркент мешіті» (халық арасында Уәлибай мешіті аталып кеткен) – еліміздегі ешбір шегесіз салынған теңдесі жоқ ғимарат. Ол Алматы облысы, Панфилов ауданы, Жаркент қаласында орналасқан. Верныйдың ауқатты көпесі Вали (Уәли) Ахун Юлдашевтың нұсқауымен салынған. Сәулетшісі – Пекиннен шақырылған Қытай инженері Хон Пик. Қарағайдың бір біріне шебер қиюластырып салынғанымен ерекшеленеді. Мешіт 1887-1892 жылдар аралығында бой көтерген. 52 бағанадан, 112 негізгі ағаш бөренеден жасалған. Көлемі 1,12 га, ауданы 28×54 м, биіктігі 14,5 м, мұнарасының биіктігі 19 м. Құрылымы Самарқандағы Шир-Дор медресесіне ұқсайды.

Бұл мешітті салуға негізгі құрлыс материалы ретінде ағаш пайдаланылған. Ақсу мен Кетпен тауларынан Жаркентке әкелінген Тянь –Шань шыршалары кептіріліп, біркелкі өңделіп, өю өрнектермен әшекейленген. Құрлыстың ағаш бөлшектерін тұрғызып құрастыру үшін бір маусым уақыт кеткен.

Ортадағы порталдан мешіт аумағына кіре берген жерде, екі бүйірінде дәрісхана орналасқан. Оған жалғастырылып салынып тұрған 14 бөлмеден тұратын ғимарат  медресе оқыйтындарға арналған жатақ болған. Көп жылдар бойы тұрғын үй есебінде, кинотеатр ретінде пайдаланылғандықтан өз ерекшеліктерін жоғалтқан. Қазір толық қалпына келтірілді. Үш күмбезді мешіт ішіне кіргенде әуелі көзге түсетіні шеткі жақта орналасқан екінші қабатқа көтерілетін, өрнектелген бағаналарға бекінген баспалдақтар. Төрде жерден сәл биіктеу(сахнаға ұқсас) үстінде кілемшесі бар тақтайша орналасқан, одан әрі өте бергенде екі жағында қытай стиліндегі аспа шам ілінген таққа орналасқан. 1948 -1949 жылдары тұңғыш рет мешітке жан –жақты зеттеу жұмыстар жүргізіліп, нәтижесінде сәулет өнерінің осы бір баға жетпес көне ескерткіші мемлекет қарамағына алынды. 1969 жылы оның салыну және безендірілу ерекшеліктерін зерттеу мақсатында инженерлік жұмыстар жүргізілді. Ал, 1975-1978 жылдары негізгі қалпына келтіру жұмыстары қолға алынды.

Теңдесі жоқ ескерткіштің құрылысында шығыс халықтарына тән өрнектердің барлық түрлерін байқауымызға болады. Сәулет өнерінің бұл ескерткіші халықтан жиналған қаржыға салынған. Кешеннің құрамына мешіт ғимараты, медресе, басты кіру-порталы, дұға оқитын үй, қақпа-қоршаулар кіреді. Бөлменің ішкі көрінісін ұйғырдың халық шебері Хасен Пулат безендірген. Қазіргі таңда «Жаркент мешіті» тарихи-мәдени ескерткіш ретінде мемлекет қарауына алынған.

Мешіт Алматы қаласынан 323 км жерде орналасқан. Егер сәулет өнерінің ғажап туындысын тамашалағыңыз келсе, Халықаралық «Сайран» автобекетінен 1900 теңгеге автобус билетін алсаңыз болады. Оған қоса, Жаркент қаласына қатынайтын көліктер де көп. Бірақ, бағасы сәл қымбатқа түседі. Барып-келу құны 7000 теңгеге шамалас. Жаркентке апарар теміржолдың да барын ескеріңіз. Алматы-Алтынкөл бағытындағы поездға билет алып, сапарыңызды ерекше ете аласыз. Мешіт қаланың орталығында базардан 100 м жерде орналасқан. Кез келген тұрғыннан сұрастырсаңыз, жол таба аласыз.

Ерекше ескерткішті тамашалағыңыз келсе, дәл қазір жолға шығыңыз.

Балерке КЕҢЕСБАЙ

NAR.KZ

1 thought on “Шегесіз салынған мешітті білесіз бе?

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған