Сәл ғана

күтіңіз

Бес жыл қуат көзін қажет етпейтін көлік

Кейінгі кездері елімізде көлік өндірісі саласы ерекше қарқын алып келеді. Әсіресе, бұл бағытқа жастардың қызығушылығы жоғары. Бүгінде елде жоқ ерекше көліктерді халыққа ұсынып, тың дүнелер өндіруге талпынғандар баршылық. Солардың бірі – Алматы энергетика және байланыс универстетінің студенті Рамазан Ескубатов. Отынсыз жүретін көлік ойлап тапқан жас ғалымды әңгімеге тарттық.

Көліктің қызметіне тоқталсаңыз. Қарапайым машинадан артықшылығы бар ма?

5,1 масштабтағы бұл көлік 5 жылға дейін ешқандай отынсыз қозғалады. Яғни, ол бензин, газ, дизельді қажет етпейді. Ерекшелік көліктің өзінде емес, батареясында болмақ. 5 жыл бойы ток шығаруға қуатты құрылғыны роботқа, телефонға, тікұшақтар мен электронды дрондарға да қолдануға болады. Бірақ, ол үшін менің жасаған батареямды көтере алатын құрылғы болуы қажет. Сондықтан, көліктің көп бөлшектерін өзгертіп, арнайы 5 жыл бойы қуатты үздіксіз алып тұратындай дайындап шығардық.

Көлікті құрастыруға қанша уақытыңыз кетті?

Кез келген нәрсені бастау қиын. Бұл идея осыдан 4 жыл бұрын келген болатын. Ал оны жасап шығаруға 20 күн жеткілікті болды. Әуелі ойша жасадым десем де болады. Бірінші экземпляр 10.1 масштабты жасаған кезде 2 жыл, екіншісі 8.1 масштабты 6 ай, ал үшіншісі ұзындығы 1 метр 5,1 масштабты көлікті жасауыма 20 күн уақыт кетті. Қаржы іздеу, бөлшектерін табу өте қиынға соқты.

5 жыл отынсыз жүретін көлік жасау барысында қандай қиындықтар болды?

Бұл көлікті жасаған кезде химиялық, физикалық теориялар мен теоремалардың көп жағдайда практикамен сәйкес келмейтіндігін байқадым. Осы мәселе қиындық тудырды.

Машинаңыздың болашағын қалай елестетесіз? Қолданысқа енгізу ойыңызда бар ма?

Қазіргі жаңа техникалық құралдар инновациялық тиімділікке байланысты тез қолданысқа енеді. Бұл көлікті 1.1 масштабта, адам жүргізе алатындай етіп жасап шығарсақ, болашағы зор болады. Өйткені адамдарға бұндай көліктер өте тиімді.Қарапайым студентке бұл жобаны жүзеге асыру қиын болмақ. Өндіріс орнында өңдеуге де біраз уақыт арналу қажет. Бұны болашақтың еншісіне қалдырсақ.

Машина жасау жан қалауыңыз ба, әлде қажеттілігіңізді өтеу үшін бе?

Көлікті 20 күн бойы күндіз-түні жасау, менің ойымша, қажеттілікті өтеуге жатпайды. Әрине, мен машинаны, роботты жан қалауы үшін жасаймын. Оны жасаған кезде өмірдің рахатын сезінуге болады.

Осы уақытқа дейін тағы қандай техника жасап көрдіңіз? Бірден көлік жасаудан бастадыңыз ба?

Ең алғаш әйел робот жасаған болатынмын. Көптеген байқаулардан жүлдегер атанып, жақсы сұрансықа ие болған еді. Дегенмен белгілі бір себептермен ол жоба әзірге тоқтап тұр.

Болашаққа қандай жоспарларыңыз бар?

Қазақ баласының, қазақтан шыққан ғалымның әлемнің Гиннес рекордтар кітабына енгенін қалаймын. Осы жылдан бар күтерім – осы.

Әңгімеңізге рақмет!

Ақмарал БЕРЕКЕТОВА

NAR.KZ

1 thought on “Бес жыл қуат көзін қажет етпейтін көлік

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған