Сәл ғана

күтіңіз

Қайырымдылық – қызғанышқа қарсы күш

Дулат Тастекеев – «Tas Group» компаниялар тобының басшысы, табысты кәсіпкер. 2010 жылы ақпан айының 23-жұлдызында «Tas Kredit» несие ұйымының негізін қалаған. Қазіргі таңда Қазақстанда 22 бөлімшесі бар. « «Tas Finance Group» несие беру нарығындағы көшбасшы компания, «TAS Exchange» айырбас пункті, «TAS Microfinance» шағын несие ұйымы, «Жетісу Агрокредит» несие серіктестігі, «AHTAS Constuction» құрылыс компаниясы, «Жанұя Мед» медицина орталығы және «38.ru» деп аталатын Мәскеудегі қаржы тобы сынды қызметтер қатарымызға қосылғаннан кейін 2018 жылы «Tas Group» компаниялар тобын құрып, барлық бизнестердің басын қостық», – дейді ол. Кәсіпкер жүйелі бизнес бастаудың қыр-сырымен бөлісті.

Бизнес бастауға қажет 7 қадам
Біріншіден, адамның бизнеспен айналысуға деген құлшынысы болуы шарт. Егер бастаған кәсібіне құлқы болмаса ондай адамды күштеп, қинап жұмыс істете алмайсың. Ерте ме, кеш пе жұмысы құлдырайды. Бұл жағдай басымыздан да өтті, өмірден де көріп жүрміз. Қанша жерден мықты бизнесменнің жақыны, туысы болсаң да егер бойыңда ынтаң болмаса қалған істің бәрі бос әурешілік.
Екіншіден, айналысатын кәсібіңді жақсы көріп, ұнатуың керек. Өйткені сүйікті іспен айналыспасаң нәтиже шығару қиынға түседі. Жаныңа жақын емес жұмысты тиіп-қашып істейтіндіктен берекең де қашады, одан шығатын керемет туынды да болмайды.
Үшіншіден, таңдаған бағытың жайлы хабардар болғаның дұрыс. Әрбір болашақ кәсіпкер өз ісінің қыр-сырын жетік меңгеретін болса, оның бизнесі ұзақ өмір сүрмек. Мәселен, өмірінде мүлдем құрлыспен айналыспаған адамнан ертеңгі күні осы саладағы бизнесті дөңгелететін басшы шықпайды. Болмаса, бала күнінде математикаға зауқы жоқ, біліктілігі төмен, сандармен жұмыс істеуге ынтасы мен жігері жоқ жанның қаржы нарығында асқан танымал кәсіпкер болуы екіталай. Адамның өзі айналысатын кәсібіне деген қабілеттілік үлкен маңызға ие. Сол кезде ғана сатылған тауардың, қызметтің ақысын кәсіпкер өзіне қайтарып, бизнесін дамыту ықтималдылығы жоғары болмақ.
Төртіншіден, кәсіпкер жоғарыда айтылған қабілеттерін анықтап алғаннан кейін, өзінің күшті жақтарын дамытуы керек. Ол үшін білікті адамдармен қарым-қатынаста болып, қажетті ақпаратты іздеп, оқып, білімін толықтырғаны жөн. Осыдан 20 жыл бұрын қалаған кітапты, керек материалды табу қиынға түсетін еді. Қазір техниканың дамыған, ақпараттың ауқымы кең заманда бизнесменге үлкен мүмкіндіктер жасалған.
Бесіншіден, кәсіпкердің базалық қабілеті болса, ешқашан жұмыс бастауға жүрексінбегені дұрыс. Егер кері тартатын болсаңыз, бұл да сіздің бизнесіңізге кері әсерін тигізері сөзсіз. Сондықтан өзіңізді-өзіңіз тәрбиелеңіз, қорықпаңыз, шыңдалыңыз.
Келесі кезекте кәсіпкер сатушы, есепші, жұмыс орнын жинаушы, бизнесін сырттан келген қарсы күштерден қорғаушы, заңгер бола білгені абзал. Серіктестері мен қарым-қатынас орнатуды, инвестор тартуды, банк немесе қаржы ұйымдарына барып, кәсібінің табысты екенін дәлелдей алуы шарт. Себебі кез келген бизнестің дамуына қаржы керек. Берілген ақшаның қандайда бір құны болады, ешкім де біреудің кәсібіне тегіннен-тегін салым жасамайды. Ол – өмір шындығы. Сондықтан ісін бағалап, қаржы тарта білу кәсіпкерге керек қасиет.
Кәсіпті жүргізу барысында алыс-беріс болады. Яғни, ақшалай операциялар орындалып отырады. Сол кезде кез келген қызмет болсын, тауар болсын сата алып, қаржыны қайтарып ала алу да өнер. Егер де барлық тауарлар мен қызметтерді қарызға таратып, оны қалай алудың негізгі қадамдарын кәсіпкер білмейтін болса, басында тұтынушыларымен дұрыс келіспесе бизнестің дамуына қажетті қаражат тапшы болады. Бұндай жағдайда қаржы ұйымдарына қарызға батып, тек берешек ақшаны қайтару үшін ғана жұмыс жасауға тура келеді. Осы уақыттан бастап бизнес құлдырап кетуі ықтимал.
Бизнесте ерекше болу
Біз бұрынғы заманда қалыптасқан ломбард деген ұйымның қазіргі уақытта тұтынушыға ыңғайлы, қолайлы формасына көшіріп кішігірім ұйым ретінде тез несие беруші қызметін атқарудамыз. Бұрын әр тұтынушы несиеге қаражат алу үшін көлігін немесе кепіл затын қалдырып кететін болса, біз бұл шарттарға сүйенбейміз. Өйткені көлік – әрбір жанұяның күнделікті тауқыметін шешіп отыратын, қажет ететін құралы болғандықтан көліктерді тұтынушыларымызда қалдыруды жөн көрдік. Біздің компанияның ерекшелігі осында. Сондықтан тұтынушыларымыз көп. Бизнес толыққанды саралап, ойлануды қажет етеді. Тек, идеясы мықты, тұтынушыға және өзіне қолайлы жағдай жасай алған адам белгілі бір дәрежеде жетістікке жете алады. Мәселен, 7 мыңнан астам тұтынушы болатын болса, 100 адамның 95 адамы өзінің алған затын орнына қоятын ниеті бар. Біздің ұстанған форматымыздағы адамдардың көпшілігі жақсы адамдар деген ұйғарымға келдік, ал қалған 5 адамды іздеуге немесе көліктерін іздеуге тура келеді. Өмірде әртүрлі адамдар бар, олар әртүрлі пиғылдармен келеді. Дұрыс емес пиғылдармен келген адамдарды өкінішке орай кей кезде несиелендіру сәті болады.
Жүйелі бизнес
Кәсіпкердің бір ерекшелігі – ол 24 сағаттың барлығын жұмысына арнайды. Басқа жалданып жұмыс істейтін адамдар 9 сағат қана өз ісі үшін алаңдап, оны бітіріп кетуге тырысады. Ал, қалған уақытта не болып жатқаны, не болатыны маңызды емес. Кәсіпкерде бәрі керісінше. Кез келген уақытта сіздің кеңсеңізге сырттан шабуыл жасауы мүмкін деген сияқты, әр минут, әр сағат сайын әртүрлі жағдай болуы мүмкін. Яғни, бизнесмен жалқау бола алмайды, болуға да құқығы жоқ. Жалқау болатын болсаңыз жүйелі бизнес қалыптастыра алмайсыз. Барлық бизнесмендерге тең түрде мүмкіндік берілген. Кәсіпкердің біліктілігі мен бизнесін жүйелендіре алуына байланысты оның кәсібі жанданбақ.
Қаржылық қауіпсіздік
Қаржыға сәт сайын қауіп төнеді. Оған әлемде болып жатқан қаржылық, экономикалық, саяси дағдарыстар әсер етеді. Әлемде болып жатқан дағдарыс әсерінен елімізде де девальвация болады. Әр девальвация отандық кәсіпкерлеріміздің валюта бағамымен алғанда, тапқан табысын жоққа шығарып отырады. Сондықтан бұл кәсіпкерді де, салымшыны да шығынға ұшыратады. Бұның алдын алу үшін әртүрлі опциондар, қаржыны сақтандыру (ағылшын тілінен аударған хедж ұғымы) сынды шаралар қолданылады. Өкінішке орай, Қазақстанда әлемдік құралдарды емін-еркін пайдалануға мүмкіндік жоқ. Ол мемлекеттің немесе ұлттық банктердің кінәсі деп айтпаймын. Бұл тұтынушының аз болуына тікелей байланысты. Кез келген нарық тек қана өздерінің тұтынушылары көп болған кезде ғана дамиды. Қаржылық қауіпсіздікті 100% орындап тастау мүмкін емес. АҚШ-тың өзін толық құрып, тасын өрге домалатқан тек оның үкіметі мен президенті емес қой. Оның экономикасын көтеріп тұрған жеке және кішігірім бизнес салалары, солардың қаншалықты көп, ұтымды болуы мемлекетті алдыға қарай сүйрейді. Біздің үкіметіміз болсын, президентіміз болсын жеке кәсіпкерлерге, шағын және кіші бизнеске үлкен көңіл бөлгісі келіп отыр, бөліп те отыр.
Қайырымдылық – қызғанышқа қарсы күш
Кәсіпкердің бойында болатын дөрекі сезімнің бірі – қызғаныш. Адам өзінің бойындағы қызғанышты жеңе алмайтын болса, кәсіпкер ретінде қалыптаса алмайды. Себебі, кәсіпкер болғаннан соң, адам өзінің тапқан пайдасын бөлісе білу керек. Өзінің қызметкерлеріне лайықты сыйақы, жалақыны бере алмайтын болса, өзінің қызғанышын жеңе алмаса, кәсіптің дамуына кедергі болары сөзсіз. Адамның қолында 10000 теңге болып тұрып 100 теңгесін бере алмайтын болса, ол адамның қолында миллион доллар болған кезде 10000 доллар қайырымдылыққа береді деп күту екіталай. Сондықтан бұл үлкен кәсіпкер болған кезде бастайтын шаруа емес. Адамның қолында 100 теңге болып 1 теңгесін қайырымдылыққа беріп өзінің денесін, етін үйрету керек. Қайырылымдылық – қызғанышқа қарсы тұратын күш.
Қаржы нарығындағы көшбасшы
Болашақта қойып отырған жоспарларымыз өте үлкен. Егер де Қазақстанның төңірегінде айтатын болсақ, онда компаниямызды еліміздің қаржы нарығының басты ойыншысына айналдыру. Сондықтан қаржы нарығын халыққа жақын етіп, оны өзгерту. Қазіргі қарапайым халықтың наразылығы көп, оны мейлінше азайтуға қауқарымыз болатын болса, біз бақыттымыз. Одан бөлек, заманауи технологияларды қолдана отырып, өзімізді жоғары технологиялы, инновациялы қаржы компаниясына айналдырып тек қана Қазақстан төңірегінде емес, әлемде бәсекеге сай келетін компания болуымыз керек. Сол үшін Ресейде бармыз, осы жылы Қырғызстан, Өзбекстан мемлекеттерінде ашылу жоспарда бар. Әлемде қазақстандық бизнесмендердің қауқары, күші барын көрсеткіміз келеді. Ол үшін көп жұмыс істеп жатырмыз.

Дайындаған: Дана РУСЛАНҚЫЗЫ
NAR.KZ

2 thoughts on “Қайырымдылық – қызғанышқа қарсы күш

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған